Аптадағы маңызды жаңалықтар

Қызылжар ауданының 4 ауылына таза ауыз су жетті


 

Бескөл ауылында 30 жыл тұрып жатқан Есентай Растеновтың үйіне былтыр ғана санитарлық талаптарға сай таза ауыз суы өткізіліпті. Судың да сұрауы бар екендігін жақсы түсінетін жанұя  оны ысырап қылмай, қажеттеріне ұқыпты пайдаланады.

Есентай Растенов, ауыл тұрғыны:
-Бұрын құдықтан алдық. Қазір рахат болды.  

Бүгінде Бескөл ауылының әр үйіне осындай су желісі тартылыпты. Жалпы тіршілік көзі тарайтын заманауи құбыр желісінің ұзындығы 59 шақырымнан асып жығылады. Бұл игі шаруаға 760 млн теңге жұмсалған. Әр баспанаға су жеткізу үшін ортақ редукциялық желі салынды. Су таратқыш жаңа нысан 2009  жылы қолданысқа берілген. Заман талабына сай арнайы басқыштардың көмегімен басқарылады екен. Қуаттылығы Бескөл ауылын толығымен қамтуға жеткілікті көрінеді.

Тәжібай Қабдолбареев, редукциялық су таратқыш желінің операторы:
-Жаңа салынған обьектінің көмегі өте зор. Халық суды уақытында, кедергісіз алып тұрады. Авария болғанда қосымша ыдысымыз бар. Ол үш күнге жетеді.

Жалпы Қызылжар ауданында ауыз су мәселесі шешіліп жатыр. Мұндағы 20 селолық округке қарасты 72 елді мекеннің 90 пайыздан астамы таза ауыз судың қызығын көруде. Біршамасында суды тазартатын құрылғы орнатылған желілік локальды пункттер құрылған. Өзгелерінде жарты ғасырдан астам пайдаланылып келе жатқан желілердің қолданыс уақыты өткелі қашан. Көп бөлігі әбден тозып істен шықты. Қиындығы осыда. Толықтай жаңасына алмастыру керек.

Жұмабек Бөбешев, Қызылжар ауданының бас архитекторы:
– Осы мақсатта “Су шаруашылығы нысандарын дамыту” бағдарламасының аясында 500 млн теңге бөлінді.
Оған биыл Боголюбово, Надежка, Белое, Кондратовка елді мекендері сумен қамтылды. Ескі желі заманауи пластикалық құбырларға алмастырылды.

Қызылжар ауданында алдағы 2012 жылға қалған 13 ауылды денсаулық кепілі таза ауыз сумен қамту үшін сметалық жоба құрылып қойылыпты. Тапсырыс жоспары бойынша жаңа құбырлар төселмек.

Жеңіс Ермұқанов