Білім

Пән олимпиадалары басталды

 

 

Бұл Сая Нямцудың қазақ тілінен олимпиадаға алғаш қатысуы емес. Бірінші кезеңде қазақ тіліндегі мектептердің оқушылары шығарма, ал орыс тілінде білім алушылар белгіленген тақырыпта мазмұндама жазулары тиіс. 1- сыныптан қазақ тілін меңгере бастаған Сая бұл сыннан сүрінбей өтетініне сенімді.

Сая Нямцу, № 12 орта мектеп оқушысы:
– Мен бүгін құмырсқа жайлы мазмұндама жаздым. Маған олимпиада өте ұнады. Міндетті түрде бірінші орын аламын деп ойлаймын.

Қалалық олимпиадаға қатысуға биыл 1 425 оқушы ниет білдіріпті. Жалпы білім беретін 11 пәннің тапсырмаларын «Дарын» республикалық орталығының мамандары әзірлеген. Әр оқушы алдындағы тапсырмаларды мұқият оқып, бар білімін көрсетуге әзір. Оларды бұл сайысқа дайындаған ұстаздары да өз шәкірттеріне зор үміт артып отыр.

Анар Байтабенова, қазақ мектепгимназиясының орыс тілі пәнінің мұғалімі:
Орыс тілінен 2-3 рет қалалық олимпиадаларға қатысқан оқушылар келіп отыр. Бүгінгі күні де жүлделі орынға ие болады деп сенеміз.

Жылдан-жылға осындай олимпиадаларға қатысып, өз білімін сынаймын деуші оқушылардың қатары қалыңдап келеді. Бір айта кетерлігі, олар гуманитарлық пәндермен қатар техникалық салаға да ерекше ден қоюда дейді ұйымдастырушылар.

Сәуле Кереева, қалалық білім бөлімінің  сектор меңгершісі:
Кей оқушылар математикаға қатысады, кей оқушылар гуманитарлық пәндерді таңдайды. Ол енді әр оқушының қызығушылығына байланысты. Ең жоғары ұпай жинаған оқушылар қалалық білім бөлімінің құрмет грамоталарымен марапатталады.  

Жазбаша кезеңнен сүрінбей өткен оқушылар екінші турға жолдама алады. Ал ол сайыста бағы жанғандар облыстық олимпиадаға қатыспақ.

 Инеш Шоқақова