Энергетика

Желтоқсанның 22-сі – энергетиктер күні

 

1961 жылы өңірімізде № 2 жылу- энергия орталығының алғашқы қазандық агрегаты іске қосылған еді. Міне, жарты ғасыр бойы осы мекеменің қызметкерлері облыс жұртшылығына өз жылуы мен жарығын сыйлауда. Биыл кәсіпорынның электрлік қуаттылығы 380 Мвт -ты құрап отыр. Компанияда 2000-нан астам адам еңбек етуде. Тұрғындарды қажетті жылу және жарықпен қамтамасыз ету үшін олардың әрқайсысының жұмысы маңызды. Сондықтан мереке иелерінің қажырлы еңбегі елеусіз қалмақ емес. Жылдар бойы халық игілігіне қызмет еткен бір топ азамат облыс әкімінің құрмет грамоталары мен алғыс хаттарына ие болды.
Сондай- ақ 2 қызметкер «ТМД -ның құрметті энергетигі» жоғары атағына лайық деп табылды. Тағы 3 маман ТМД-ның энергетикалық кеңесінің құрмет грамоталарымен марапатталды.

Сергей Торохтий, турбиналық цех бастығы:
– Мен осы кәсіпорында қызмет ететінімді мақтан тұтамын. Қазіргі таңда тозығы жеткен құрылғыларды жаңғырту жұмыстары жүргізілуде. Бұл жұмысымыздың тиімділігін арттыра түседі. Барша әріптестерімді кәсіби мерекемен құттықтаймын.  

Бұл күні ардагерлерге көрсетілген құрмет ерекше. Олар теледидар, автокөлік сынды бағалы сыйлықтармен марапатталды. «Севказэнерго» АҚ басқарма төрағасы Игорь Татаров кәсіпорынның қазіргі жеткен жетістіктері білікті әрі өз кәсібіне адал ұжым еңбегінің жемісі дейді.

Игорь Татаров, «Севказэнерго» АҚ басқарма төрағасы:
– Әр жылдары кәсіпорын  ұжымы жаңарып отырды. Дегенмен әрбір қызметкер өңіріміздің энергетика саласының дамуына өз үлесін қосты деп ойлаймын. Біздің мекеме жыл сайын жаңа табыстарға жетуде. Мұның бәрі сіздердің тынымсыз еңбектеріңіздің жемісі.

Жоғары қуаттылық, тәулік бойы тынымсыз жұмыс пен зор жауапкершілік. Бұл өз ісіне адал жандардың бойындағы қасиеттер. Өңіріміздің энергетиктері кәсіби біліктіліктерін шыңдап, станциялар мен энергетикалық кешеннің жұмысын тұрақты түрде жүргізуге әзір. Бүгін де олардың дені жұмыс орындарында. Салтанатты жиын соңы еліміздің танымал жұлдыздарының концертіне ұласты.

 Инеш Шоқақова