Қоғам

Отанымыздың дамуының басты кепілі – халықтың бірлігі мен қоғамдық тұтастық

 

 

 

Барша солтүстікқазақстандықтар Жаңаөзендегі жағдай кезінде азаматтарынан айырылған отбасыларына көңілдерін білдіруде. Бүгінде Маңғыстау өңірінде тұрақтылық пен тыныштық орнаған. Алайда, өздері тасада тұрып, көсеумен шоқты қыздырған жеке топ жауапқа тартылып, жазасын алуы тиіс деген ойда еңбек ардагері Екатерина Ильина. Мамандығы бойынша тарих пәнінің мұғалімі кез-келген қоғамдық формацияның өз қиындықтары, бастан кешетін ауыр кезеңдері болатынын айтады. Кеңес Одағы ыдырағаннан кейін барлық одақтас елдер бірдей жағдайда қалды. Ал біздің Қазақ елі тез арада қанатын кеңге жайып, байыпты қадамдарын жасады. 20 жылды артқа тастаған Отанымыздың дамуының басты кепілі – халықтың ауызбіршілігі мен қоғамдық тұтастық дейді Екатерина Ильина.

Екатерина Ильина :

-Бұл топқа мәселелерді бейбіт жолмен шешу керек еді. Өкінішке қарай, талай адам қаза тапты. Бірақ елімізде заңдылықты, қоғамдық тәртіпті бұзуға ешқашан жол берілмейді. Жаңаөзенде болған оқиғаны ұйымдастырушылар мен нақты тәртіп бұзушылар жауапқа тартылып, жазасын алуы тиіс. Болашақта бұндай оқиғаның қайталанбайтынына сенімдіміз.

Экономикалық-техникалық білім беру кешенінің директоры Александр Мерк жастардың бойында әуел бастан-ақ патриоттық сезім қалыптастыру қажет деген ойда. Өйткен бұғанасы қатып, буыны бекімеген жастарды қылмыстық әрекетке итермелеу қиын емес.

Александр Мерк , экономикалық-техникалық білім беру кешенінің директоры:

-Сүттей ұйыған халықты дүрбелеңге салып, бүлік шығарған топқа біз бейбітшілікті қалайтынымызды жеткізгім келеді. Бастысы – жейтін нанымыз бар. Ал өзгесін еңбекпен жүріп табатын боламыз. Біз сот жүйесі бар елде өмір сүреміз. Егер әр адам өз дегенін істесе, онда қоғам тығырыққа тірелмей ме?

Өңір тұрғындары жаңаөзендіктерді  өтпелі кезеңге шыдамдылық пен төзім танытуға шақыруда. Осы күні оларды негізгі азықпен қамтамасыз ету үшін «ҚазАгро» ұлттық холдингі 500 миллион теңге бөлген. Ал төтенше жағдай кезінде қирап, өртеніп кеткен ғимараттарды қайта қалпына келтіруге 1 миллиард 900 миллион теңге көлеміндегі қаражат  жеткізілген.

Гүлмира Шоқтыбаева