Қоғам

Аудиторияға ардагердің есімі берілді

 

 

 

Бүгін гуманитарлық-техникалық колледжде студенттер үшін жаңа аудитория ашылды. Оған Ұлы Отан соғысының ардагері, машина жасау саласында ұзақ жылдар еңбек еткен Степан Башкировтың есімі берілді. Саналы ғұмырын облыс экономикасының дамуына жұмсап, ауыр өнеркәсіп саласында еңбектенген жерлесімізге құрмет көрсету парызымыз дейді оқу ордасының директоры Александр Мерк.

Александр Мерк, Петропавл гуманитарлық-техникалық колледжінің директоры:
-Ардагелердің еңбегін әрқашан бағалауымыз керек. Степан Федоровичтың өнеркәсіп саласындағы ерен еңбегін ескере отырып, осы кісінің атындағы аудиторияны ашуды жөн санадық. Осындай тамаша адам жайында жас ұрпақ үнемі біліп жүретін болады.

Степан Башкиров еңбек жолын 1941 жылы бастаған. Металл қырнаушының көмекшісі қызметіне кіріскен жас жігіт көп ұзамай майдан даласына аттанады. Соғыс аяқталғаннан кейін ол бүгінгі  “Мұнаймаш” зауытына келіп, сүйікті ісімен қайта қауышады. Ардагердің кәсіпорынды дамытуға қосқан ерен еңбегі ескерусіз емес. Оның омырауындағы орден-медальдар  соның айғағындай.

Степан Башкиров, ҰОС ардагері:
– Мен бұл зауытқа бар ғұмырымды арнадым. Темірді темір кескенін көргенімде сонау жас шағымнан осы мамандыққа аңсарым ауды. Соғыстан келгесін жұмысымды жалғастырып, өз мүмкіндіктерімді көрсете бастадым.

Дәрісхана машина жасау технологиясына қажетті құралдармен және станоктармен жабдықталған. Мұнда   7 станок пен компьютерлер қойылған. Оның бәрі келешекте білікті мамандарды даярлау үшін жасалған жағдай.

Евгений Ковалев, Петропавл гуманитарлық-техникалық колледжінің оқытушысы:
– Мұндағы оқу станоктарының студенттерге берері мол. Станоктарда жұмыс істеу арқылы олар металл кесуді, компьютерде бағдарламалар құруды үйрене алады.

Алексей Костин машина жасау технологиясы мамандығы бойынша білім алып жүр. Алдыңғы толқынның  жетістіктермен танысқан студент, үлгі аларлық тұсы көп дейді.

Алексей Костин, Петропавл гуманитарлық-техникалық колледжінің студенті:
– Степан Башкиров қаламыздың өнеркәсіп саласына сүбелі үлес  қосқан жан. Жаңа дәрісханаға осы кісінің есімі берілгені қуанышты жағдай.

Маңызды оқиғаның куәгерлері машина жасау технологиясын дамытуға арналған конференцияға қатысып, ғалымдардың бұл бағыттағы жаңалықтарымен танысты.