Қоғам

Шыршалар күзетіледі

 

 

 

Қылқан жапырақтылардың өсіп-жетілуіне көп уақыт керек. Сондықтан оларды Жаңа жыл қарсаңында кесуге тыйым салынған. Үйге мерекелік сән беруді ғана көздеген кейбір адамдар шыршаларды заңсыз шауып алып, былтыр  қоршаған ортаға 170 мың теңгенің залалын келтірген, қылқанды ағаш кесудің 5 фактісі тіркеліпті. Ондай келеңсіздіктердің алдын алу үшін биылдан өңірдегі 12 орман шаруашылығына қарасты 682 мың Га жерден астам тоғайлы алқапты күзету шаралары күшейтілді.

 Қуаныш Жыймұрзин, СҚО орман және аңшылық шаруашылығы аумақтық инспекциясының бас маманы:
– Желтоқсанның 1-нен келесі жылдың алғашқы айына дейін облыс аумағында 52 бекет пен 121 шұғыл әрекет ету тобы құрылды. Олардың барлығы кез- келген заң бұзушылыққа сақадай сай. Керек-жарақ, байланыс құралдарымен толықтай қамтылды.  

Әзірге табиғат сақшылары бұл төңіректе жыл басынан ешбір заң бұзушылықты анықтаған жоқ. Заңды елемегендер табыла қалса шығынның орнын толтырумен қатар айыппұл төлеуге мәжбүрленеді.

 Қуаныш Жыймұрзин, СҚО орман және аңшылық шаруашылығы аумақтық инспекциясының бас маманы:
-Бір шыршаның құны 15 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде бағаланады. Айыппұл 10 айлық есептік көрсеткішке дейін баруы мүмкін. Барлығын қоса алғанда заңсыз кесілген ағаш үшін 38 мың теңгедей өтелуі тиіс.

Қалта қағарлық шығынсыз жақындарына мерекелік көңіл күй сыйлағысы келетіндерге шыршаның тамырына зақым келтірмей жерімен бірге қоюға рұқсат етілген. Немесе жаңа жыл нышанын қылқан жапырақты бұталардан жинап құруға әбден болады. Ал діңгегіне мөр басылған қарағайларды арнайы сауда орындарынан сатып алған жөн. Мерекелік кештер  өтетін  қоғамдық нысандар мен алаңдарға қалалық әкімдіктің келісімімен 1114 шырша орнату қарастырылыпты.

Жеңіс Ермұқанов