Қоғам

Сайлауалды үгіт науқаны қызып келеді

 

 

 

Барлық деңгейдегі мәслихаттарға кандидаттар тіркеу желтоқсанның жиырмасы аяқталды. Қалалық мәслихатқа өз кандидатурасын 69 адам ұсынған, оның 64-і тіркеуден өтіпті. 22 үміткер – саяси партиялардан, біреуі – қоғамдық ұйымнан және 41 кандидат – өзін-өзі ұсынғандар.

Николай Петров, қалалық сайлау комиссиясының төрағасы:
-Ал Петропавл қаласының аумағында орналасқан 12 облыстық округ бойынша 44 кандидат ұсынылды. Оның 43-і тіркеуден өтті. 15 үміткер – саяси партиялардан, 1 – қоғамдық ұйымнан және 27 кандидат   өзін-өзі ұсынғандар. Бюллетеньдерде қателіктер кетпеу үшін қазірде тиісті жұмыстарды жүргізіп жатырмыз. Барлық кандидаттардың аты-жөні қайтадан тексеріліп жатыр.  

Ал желтоқсанның жиырма бірінен барлық деңгейдегі мәслихаттарға кандидаттар сайлауалды үгіт-насихат жұмыстарына кірісті. Тіркеуден өткен үміткерлердің үгіт жұмыстарын жүргізуге бюджеттен қаражат бөлінді. Бұл сома облыстық мәслихат депутаттығына үміткерлер үшін 349 200, ал аудандық және қалалық деңгейдегі мәслихаттарға кандидаттарға 179 100 теңгені құрап отыр.

Николай Петров, қалалық сайлау комиссиясының төрағасы:
-Мемлекеттен үгіт-насихат жұмыстарын жүргізуге қаражат бөлінді. Барлық кандидаттар тең құқықпен қамтамасыз етілген. Сайлауалды үгіт-насихат жұмыстары қаңтардың он төртіне дейін жалғасады.

Бүгінде учаскелік сайлау комиссиялары дайындық шараларын жүргізіп жатыр. Облыс орталығында 90 сайлау учаскесі құрылған. Осы күні оларды жабдықтау жұмыстары жүргізілуде.

Айымгүл Әбілева