Мәдениет

Петропавлдық жас әншілер жеңісі

Санкт-Петербургте өткен халықаралық музыка-көркем шығармашылық байқауында Солтүстік Қазақстан өңірін 4 үміткер таныстырды. Қатысушылардың бәрі «Джаз» және «Эстрадалық вокал»  аталымы бойынша өнер көрсеткен. Зарина Сыздықова үшін бұл жолғы сапар жеңіске толы. 1 дәрежелі дипломмен марапатталып,  байқау лауреаты атанған ол шетелдік танымал джаз орындаушылардың әндерін шырқап, өзіне артылған үмітті ақтаған.

Зарина Сыздықова, №1 өнер мектебінің трбиеленушісі:
– Конкурс маған өте ұнады. Халықаралық сайыс болғаннан кейін, оның қандай деңгейде өтетіні бірден сезіледі екен. Қатысушылар өте көп және шеттерінен бәрі дарынды. Тәжірибемді шыңдауда мұндай байқаулардың берері мол деп ойлаймын.

 Лауреат атанғандардың ішінде конкурстың ең кішкентай қатысушысы София Белянкина да бар.
Өз вокалдық шеберліктерін таныта білген Яна Ян мен Марина Стародубцева осы сынды конкурста алғаш рет бақ сынаған. Дегенмен екеуі де жақсы нәтиже көрсетіп, екінші және үшінші орынды иеленді.

 -Ең алдымен осы конкурс барысында менің есімде қалғаны, біз Санкт-Петербург сынды әсем қаланың көзге көрінерлік тамаша жерлерінде болу мүмкіндігіне ие болдық.  Сайыс өте жоғары деңгейде өткізілді.
– Бұл конкурс маған өте ұнады. Әркім өз күшін көрсетті. Әнді орындау шеберлігімізді кәсіби әділқазылар бағалады.

Жеткіншектерді өнер додасына дайындап, ән айтудың қыр-сырын үйреткен мұғалімдері Анастасия Анфиногентова тәрбиеленушілерінің жақсы нәтиже көрсеткеніне дән риза. Болашақта олардан танымал әншілер шығады деп үміт күтеді.

Анастасия Анфиногентова, №1 өнер мектебінің вокал сыныбының мұғалімі:
– Менің вокалдық сыныбымда барлығы 18 тәрбиеленуші бар. Бұл конкурсқа біз ең жақсы, лайықты деген өнерлі жастарды жібердік. Халықаралық деңгейдегі сайыста өздерін жақсы көрсеткеннен кейін әрқайсысын  дарын иесі деп ойлаймын.

Ал жас вокалшыларды енді шілде айында Болгарияда өтетін «Балалық әлемі» халықаралық өнер бәйгесі күтіп тұр.