Аптадағы маңызды жаңалықтар

Петропавлдың бірқатар аудандарында бір тәулік су болмайды


 

Облыс орталығында Солтүстік коллекторда жүріп жатқан жөндеу жұмыстары аяқталуға жақын. Қазіргі күні барлық жұмыстың сексен бес пайызы атқарылыпты. Енді құбырды ауыстыруға байланысты су тоқтату қажеттігі туындаған. Осылайша үшінші қалалық аурухана мен 20 ықшамауданында су беру желтоқсанның жиырма үшіне қараған түннен бастап бір тәулікке тоқтатылмақ.  

Антон Федяев, СҚО энергетика және коммуналдық шаруашылық басқармасының бастығы:
– Жетпіске жуық тұрғын үй, екі мектеп пен екі балабақша судан ажыратылады. Ал он тоғызыншы ауданда төмен қысым байқалуы мүмкін.  

 Сергей Визеров, “Петропавл су” АҚ бас инженері:
-Айта кету керек, бұл күндері су құбыры жөнделмейді. Ешқандай апат орын алған жоқ. Мұндай қажеттілік солтүстік коллекторды ауыстыруға қатысты туындап отыр. Су тоқтатылып, осы күні кәріздік коллекторда жоспарлы жөндеу жұмыстары жүргізіледі.  

Солтүстік коллекторды жыл аяғына дейін іске қосу көзделген. Ал абаттандыру жұмыстары 2012 жылға жоспарланыпты. Сондай-ақ энергетика және коммуналдық шаруашылық басқармасындағылар келесі жылдың алғашқы айлары коммуналдық қызмет үшін төлемнің көтерілмейтінін айтады. Тағы бір маңызды жайт, жалғыз тұратын мүгедектер мен соғыс ардагерлері үшін электр энергиясын  тұтыну нормасы  өзгертілген. Электр плитасын пайдаланатындарға тұтыну көлемі – 120 квт, ал қолданбайтындарға – 100 квт болып бекітіліпті.

Айымгүл Әбілева