Бизнес және экономика

Облыс орталығында азық-түлік бағасы тұрақты

 

 

 

“Қызылжар-Ақбастау” коммуналдық базарына азық-түлік уақытында түсіп тұрады. Бағасы да қалта көтерерлік. Бүгінгі күні сиыр немесе шошқа етінің келісі 1400 теңгеден сатылуда.

Светлана Ковалёва, сатушы:

-Сатып алу бағасы қымбаттады. Дегенмен, тұрғындарға қол жетімді болу үшін бағаны көтермей отырмыз.

Тұтынушылардың дені тауар бағасының қол жетімді екендігін алға тартуда.

Берік Төлебаев, қала тұрғыны:

-Бағалар қымбат емес, тұрақты. Жақсы.

Аталмыш сауда орнында ет пен жұмыртқа жеткілікті. Сондай-ақ басқа да азық-түлік  уақтылы әкелінуде. Тұрақты тұтынушының бірі – Ғалия Қожахметова. Оның сөзіне қарағанда, сүт өнімдерін, шай және қантты арзан бағаға алуға болады.

Ғалия Қожахметова,  қала тұрғыны:

-Бағалары жақсы, тұрақты. Көтерілмейді ешқашанда. 3-5 келілік ұнды да сатып алуға болады. Сұйық май, ірімшік те арзан бағамен сатылады.

Мұнда бір келі күріштің бағасы – 135 теңге, асбұршақ  –  65, тары 105 теңгеге саудалануда. Қарақұмықтың келісін 230 теңгеге алуға болады. Облыста нан бағасы да сақталуда.  

 Светлана Сидорова, сатушы:

-Нанның бағасы 37-38 теңге. Тұрғындар алып жатыр. Кондитерлік өнімдері де қымбат емес.  

Сондай – ақ жергілікті көкөніс бағасының да  өскені байқалмайды. Картоптың келісі – 60 теңгеге, қырыққабат – 50, сәбіз 90 – 95 – ке сатылуда. Ал, қияр мен қызанақтың құны 500, кей жерлерде 600 теңгеден. «Дария» базарында да баға тұрақты.

Галина Самойленко:

 -Бізде бағалар қымбаттаған жоқ. Картоптың бағасы өзгеріссіз. Тек қияр қымбаттап, қызанақтың құны төмендеді.

Жалпы, азық-түлік бағасы тұрақты дейді сатушылар. Ал бұл үшін жергілікті билік тиісті шараларды қолға алып, бағалардың шарықтамауын қадағалауды жалғастырмақ.

Жандос Наурызбаев