Қоғам

Бейбітшілік пен келісімді сақтау қажет

 

Жемісті 20 жылда бірлігімізбен әлемге танылып, талай биікті бағындырған бейбіт еліміз ұлық мерекесін тойлап жатқанда ойламаған жерден Жаңаөзен қаласында бүліншілік туды. Желтоқсанның 16-сы мұнайшылар шаһарында орын алған қайғылы оқиға елді дүрліктірді. Бұл жайт солтүстікқазақстандықтарды да бейжай қалдырмады. Облысымыздың құрметті азаматы Жамбыл Тасеменов осынау қиын-қыстау кезеңде бір жеңнен қол, бір жағадан бас шығарып бірігуіміз қажет дейді.

Жамбыл Тасеменов, СҚО құрметті азаматы, Қазақстанның құрметті спорт шебері:
-Мұнайшылардың кейбір жағдайларын дер кезінде қабылдап, оны мүмкіншілігінше орындамаған. Соның себебі әрмен қарай өсе берген. Мұнайшылардың арасына іріткі салған бұл экстремистер деп ойлаймын. Бүліншілік жасап, халықты осындай жағдайға душар қылды. Негізгі менің ойым барлығымыз сақ болу керек әрқашанда. Осындай экстремистерге қырағы болуымыз керек. Сосын бірлік болсын, бірлік болған жерде тірлік болады. Мынандай жағдайларға жол бермеу керек.

Көпті көрген аға буын өкілдері қарапайым жұмысшылардың мұндай әрекетке өз бетінше барғанына күмәнданып отыр. Егеменді еліміздің болашағы халықтың қолында. Талай уақыттан бері орныққан бейбітшілікті сақтау үшін елдің әр азаматы атсалысқаны дұрыс дейді.

Александр Липовой, Петропавл қаласының құрметті азаматы:
– Жаңаөзенде болған жай қазақстандықтар үшін жат нәрсе. Мұнда сыртқы фактордың әсері сезіліп тұр. Өткені бұл Ливан, Египет, Судан, Тбилиси, Украинада орын алған оқиғаларға ұқсас. Осындай келеңсіздікке жол бермес үшін сақ болып, ішкі мәселені уақытылы шешуіміз керек.  

Бүгінгі күні Жаңаөзен қаласындағы жағдай түзеліп келеді. Облыс халқы еліміздің батысындағы отандастарымызды бірлікке, сабырлыққа шақырып отыр.

Айдана Демесінова