Қоғам

Солтүстікқазақстандықтар Жаңаөзендегі бүлікшілердің әрекеттерін айыптайды

 

Бір шаңырақ астындағы халық үшін қазір ең басты құндылық – елдің тәуелсіздігі. 20 жасаған қазақтың біртұтас елі ақ түйенің қарны жарылған тәуелсіздік күнін ұлықтап өтті. Сол шырайлы мерекенің берекесіне Жаңаөзендегі оқиға өшпес сызат түсірді. Бүлінген топ қас-қағым сәтте мұнайшылар қаласының тас-талқанын шығарды. Бейбіт тұрғындардың тынышын алған жанжал көпке бармай басылды. Бұл келеңсіздік біздің ынтымақты қоғамның бейбіт тірлігіне көлеңке түсірмеуі тиіс. Барша қазақстандықтың ортақ пікірі осыған саяды.

Жамал Ахметова, СҚО кәсіподақтар кеңесінің төрайымы:

Бүлікшіл топтың әрекеті егеменді еліміздің тарихына өшпес дақ қалдырды. Бұл жанжал бірлігі жарасқан егеменді елдің тату тірлігіне тұсау қоймасы анық. Өйткені жиырма жылда бір мүддеге ұйып, ынтымақты басты құндылыққа айналдырған біздің қоғам бұндай бассыздықты жөн санамайды. Заңға негізделген қазіргі қоғамда зорлық зомбылыққа жол берілмеуі керек. Әлеуметтік шиеленіс білектің күшімен емес, заң шеңберінде реттелуі тиіс.  

Тәуелсіз елдің жастары да жарқын болашақты,    тұғырлы мемлекеттің ертеңін бірігіп қалау керектігін айтады. Жүгенсіздік салдарынан күйреген шағын шаһарда қоғамдық қауіпсіздік қатаң бақылауға алынды. Мемлекет басшысының жарлығымен Жаңаөзен қаласында коменданттық сағат белгіленді.   Тұрғындарға қаңтардың 5-не дейін сағат 23-тен- таңғы 7-ге дейін көшеде жүруге шектеу қойылды.

 Жеңіс Ермұқанов