ТКШ

Петропавлда Есіл өзенінің жағалауы абаттандырылады

 

 

Ұзындығы 2 шақырым жерді абаттандыруды көздеген жобаның құны – 1 млрд 600 мың теңге. Ол Есіл өзеніндегі көпірден бастап қаланың ескі тарихи орталығына дейін созылмақ. Соның арқасында сәулетшілер өзен жағалауын тұрғындар мен қала қонақтарының сүйікті демалыс орнына айналдыруды жоспарлап отыр.

Ғалым Әлкенов, жобаның бас инженері:
– Жобаны мемлекеттік сараптамаға тапсырмақпыз. Кейін сәулет әкімшілігінің мамандары қарап, ортақ шешімге келеміз дп ойлаймын. Сараптамадан норма бойынша 45 күн өтеді.

Жоба мемлекеттік сараптамадан өткен соң ең негізгі жұмыстар басталмақ. Дегенмен қазірдің өзінде қала құрылысы кеңесінің мүшелері мұндай тың идеяны қолдап отыр. Өйткені аталмыш жобаның авторлары қаланы көріктендіріп қана қоймай, табиғатты қорғауға да ерекше мән берген.

Нұржан Әшімбетов, Петропавл қаласының әкімі, қала құрылысы кеңесінің төрағасы:
– Табиғатты қорғау шараларына зор көңіл бөлінуі тиіс. Жағалауды абаттандыру жұмыстарын жүргізген уақытта экологиялық мәселелер назардан тыс қалмайды деп ойлаймын. Сонда ғана аталмыш жоба сәтті болмақ.

Есіл жағалауындағы 17 мың шаршы метр жерге асфальт төсеп, 93 мың шаршы метрді көгалдандандыру жоспарланып отыр. Сондай-ақ жаяу жүргіншілерге арналған көпір салынбақшы.  Тұрғындардың бос уақытын көңілді әрі пайдалы өткізуі үшін түрлі іс-шаралар ұйымдастырылатын жерлер мен коньки тебуге арналған орындар қарастырылған. Яғни өзен жағалауы қыс мезгілінде де петропавлдықтарды қуантпақ.

Инеш Шоқақова