Қайырымдылық

«Балаларға өмір сыйла!»

 

 

Бүлдіршіндерге қол ұшын созуға дайын мейірімді жандар бүгін осы залда жиналып отыр. Бұл әнші Яна Богованың төртінші қайырымдылық шарасы.

Яна Богова, әнші:

-Қазіргі таңда оң нәтижелер бар. Туа біткен жүрек ауруына шалдыққан сәбилерге ота жасалып, барлығында жаңа өмір басталды. Бірақ, мұнымен біз шектелмей,  осы сынды қайырымдылық шарасын ұйымдастыруды жалғастырамыз. Азаматтарымыз белсенділік танытса деген ниеттемін.

«Балаларға өмір сыйла!» қайырымдылық шарасы мамыр айында басталды. Нәтижесінде 4 сәбиге медициналық көмек көрсетілді. Осылайша тағдыры қыл үстінде тұрған бүлдіршіндер ауруынан айығып, дені сау құрбыларының қатарына қосылды. Солардың бірі  – 4 жасар Кирилл Сухомлинов.

Ольга Сухомлинова, Кириллдың анасы:

-Қайырымды жандардың арқасында ұлымыз қазір жақсы, жүгіріп жүр. Басында бұндай күрделі отаны жасатуға жағдайымыз болмады. Көп қаржыны табу да оңай болған жоқ. Бірақ арманымыз орындалып, ота жасалды. Бізге көмек көрсеткен азаматтарға үлкен рахмет. Сәбилердің жүзінен күлкі кетпесін. 
Кирилл Сухомлинов:

-Мен енді өзімді жақсы сезінемін, қуаныштымын.

Қайырымды жандардың мейірімі түскен бүлдіршіндердің қатарында Сұлтан Нұржанов пен Мирослав Лагуцин бар. Дүниеге келе салысымен-ақ олардың жұдырықтай жүрегінде жарақат бары анықталыпты. Енді аурухана табалдырығын тоздырған күндері артта қалды. Демеушілердің көмегімен Сұлтан мен Мирославтың да жүректеріне күрделі ота жасалып, сауығып қалды. Ендігі кезекте, Кирилл Власенконың жүрегіне ота жасау үшін 3 млн теңге қажет. Бүгінде оның жартысы жиналған. Игі бастаманы қостаған азаматтардың бірі суретші Игорь Поляков. Әрбір қайырымдылық шарасында суретші өз туындыларының көрмесін әзірлейді.

Игорь Поляков, суретші:

-Осындай шараларға қатысу арқылы мен өзімнің аз да болса үлесімді қосуға тырысамын. Балалар – өмірдің гүлі. Сондықтан оларға жұмыла көмектесу ортақ міндет.

Басқаның қайғысына ортақ болып, жанашырлық танытатын жандар әлі де табылар, – дейді акцияны ұйымдастырушылар.

Жандос Наурызбаев