Қоғам

Білім және ғылымның дамуы – басым бағыт

 

 

“Нұр Отан” ХДП -ның алдағы 5 жылға қойған міндеттері ауқымды. Оның ішінде жоғары, техникалық және кәсіптік білімді кеңейту, оның инфрақұрылымдарын жаңарту мен оқытушылар құрамының біліктілігін арттыру негізгілері болып табылады. Яғни білім мен ғылымды дамыту партияның сайлауалды тұғырнамасының басым бағыты.

Анатолий Башмаков, ҚР Парламенті Сенатының депутаты:
– Мен баршаңызды ҚР Парламенті Мәжілісі мен мәслихаттарға «Нұр Отан» партиясынан ұсынылған үміткерлерге дауыс беруге шақырамын. Президентіміздің партиясы әрқашан халықтың мүддесін ойлаған болатын. Алдағы уақытта да тұрғындардың әл-ауқатын арттыру бағытындағы жұмыстар жалғасын таппақ.

Елбасының бастамасымен жүзеге асырылатын бағдарламалар солтүстікқазақстандар тарапынан кең қолдауға ие. Сондықтан партияның республикалық сайлауалды штабының мүшелері 2012 жылдың 15 қаңтарында өтетін маңызды науқанда өңіріміздің белсенділік танытатынына сенімді.

Нұрлан Нығматулин, “Нұр Отан” ХДП төрағасының бірінші орынбасары,республикалық сайлауалды штабтың жетекшісі:
-Еліміздің солтүстік қақпасы, астықты мекені болып саналатын сіздердің өңірлеріңізде алдағы уақытта да Президентіміздің стратегиялық мақсаттары мен маңызды жоспарларды жүзеге асыру мүмкіндіктері өте зор.

Жиында нұротандықтарға бірқатар сауалдар жолданды. Оның басым бөлігі партияның жастарға қолдау көрсету бағытында атқаратын жоспарларына қатысты. «Халықтың дауысы» акциясының қорытындысы да сөз болды. Бір айта кетерлігі, аталмыш акция аясында түскен 1,5 млн-нан астам ұсыныс партияның сайлауалды тұғырнамасына еніпті. Сондықтан солтүстікқазақстандықтар «Нұр Отан» партиясының мақсат-мүдделері халықтың қалауына сай келеді дейді.

Мүкарам Тайжанова, М.Қозыбаев атындағы СҚМУ тәрбие ісі жөніндегі проректоры:
– Қазіргі таңда экономика, денсаулық сақтау, білім салалары дамып келеді. Жалақымыз бен студенттердің стипендиясы неше рет өсті. Жақсы білім алып, жақсы жұмыс істеу үшін барлық жағдай жасалған.

Анастасия Сафронова, М.Қозыбаев атындағы СҚМУ студенті:
– Мен Президенттің «Нұр Отан» партиясы үшін дауыс беремін. Себебі ол жастар үшін нақты бағдарламаларды ұсынатын жалғыз партия болып табылады.

Бұл кездесу оқытушылар мен студенттер үшін партияның бағдарламасымен жіті танысуға мүмкіндік берді.

Инеш Шоқақова