Аптадағы маңызды жаңалықтар

ҚАЗАҚСТАН ХАЛҚЫ ЕЛ ТӘУЕЛСІЗДІГІНІҢ 20 ЖЫЛДЫҒЫН ТОЙЛАУДА

 

 

Бұған Солтүстік Қазақстан облысы да сүбелі үлес қосты, аққайыңдар өлкесі саналатын астықты өңірдің басты байлығы  – бірлігі жарасқан еңбекқор халқы   Петропавл тұрғындары мен қала қонақтары желтоқсанның 16-сы күні ұлы мерекені ұлықтауға Орталық алаңға жиналды.

Қазақ елі тарихында алтын әріптермен жазылып, өзімен қуаныш пен шаттықты ала келген, достық пен ауызбіршілікке шақыратын ұлы мерекені жұртшылық асыға күтті. Тәуелсіздіктің іргесін  қалап, нығайтуға  атсалысып жүрген жерлестеріміздің жүздері бал- бұл жанып егемендікті ұлықтауға асық. Жиналған қауымды атаулы күнмен Петропавл қаласының әкімі Нұржан Әшімбетов құттықтады.  Ащы да тәтті де тәуелсіздік! Туған халқының баянды өмірі үшін бостандық алу жолында құрбан болған   алаш ұландарына аңсаған азаттықтың шуақты күндерін көру жазбады. Ер есімі –  ел есінде! Қаһарман жандардың құрметіне С. Мұқанов атындағы қазақ сазды- драма театрының актерлері “Тәуелсіздікке тағзым” спектаклінен үзінді қойды. Алты алаштың намысын арқалап, өмірлерін ат үстінде өткізген Абылай хан, Қожаберген жырау, Қарасай, Ағынтай батырлар, ғалым Ш. Уәлиханов, солақай саясаттың құрбаны болған ақиық ақын Мағжан Жұмабаев, сөз шебері С.Мұқанов, Желтоқсан оқиғасының құрбаны Қайраттың бейнелерінде сөйлеген сахнагерлер өткенге бас игізді.Шырайлы өңірдің жезтаңдай әншілері мен мың бұралған бишілері ашық аспан астында орнатылған сахна төрін ән-күйге бөледі.  Осылайша шежірелі егемендікке әуенді де әуезді тарту ұсынған өнер ұжымдарының әндері сахнаны баурап, жиналған қауым биге басты. 25 градус аязға қарамастан Орталық алаңға жиналған тәуелсіз ел патриоттары мерекені жақсы көңілмен қарсы алды. 20 жасаған Қазақстан үлкен жетістіктерге жетті. Сан қилы белестерді аттап, саяси-экономикалық, әлеуметтік жағынан дамыды. Әлем танып, өзгеге үлгі болатын дәрежеге жетті. Бұған республиканың әр тұрғыны куә. Дегенмен алда келелі міндеттер мен ауқымды істер күтіп тұр. Тәуелсіз ел жастарының тілегі Отанның егемендігін көздің қарашығындай сақтап,  Қазақстанның гүлденуіне атсалысу. Жарқын болашақ  осындай саналы тәрбие мен кемел білім алған өскелең ұрпақтың қолында.

 Бүгінгі Қазақ елінің мерейлі тойы Бензострой кентінде де кеңінен аталып өтілуде. Бұл маңның тұрғындарына мерекелік көңіл күйді Сәбит Мұқанов атындағы облыстық қазақ сазды- драма театрының әртістері сыйлады.

Болат Мамытбеков, С.Мұқанов атындағы облыстық қазақ сазды- драма театрының актері:

-Тәуелсіздік күні барша қазақстандықтар үшін мерекелі де берекелі болсын. Табысты күн болғай. Тәуелсіздігіміздің ғұмыры ұзақ болсын. Көгімізде көк туымыз желбіреп, шаңырағымыз берік болсын. Бірлігіміз бен татулығымыз жарасып, баянды – бақытты ғұмыр болсын. Еліміз бен Елбасымыз аман болсын. Барлық тұрғындардың ынтымағы жарасып, жалғасын таба берсін.Қазақтың ең үлкен атаулы мерекесін ақ түйенің қарны жарылғандай шат – шадыман құт – қуанышпен өткізіп жатырмыз.

Еліміз осы жиырма жылда қарыштап дамыды. Экономика, мәдениет, ғылым, әлем елдерін таңдандырған жетістіктерге жетті. Бұл тұңғыш Президентіміздің сара басшылығының арқасында бүкіл қазақстандықтардың жұмыла атқарған еңбегінің жемісі. Егемендік жылдары Бензострой кентіндегі № 26 мектеп – балабақша біраз оң өзгерістерді бастан кешірді. Мультимедиалық сыныптар ашылып, кітапхана қызықты әдебиеттермен толықты. Оқушылардың талапқа сай білім алуына мол мүмкіндік пайда болды.

 Сәуле Тұрсынова, №26 мектеп-балабақшасының директоры:

-Мектебімізде үлкен жаңалықтар болып жатыр. Бізде мектепте осы тәуелсіздік ішінде 125 балаға шақталған балабақша ашылды. Орысша -қазақша топтар бар. Барлық мүмкіншіліктер жасалған. 1-2 сыныптарда қазақ сыныптары ашылып, оқушыларымыз білім алуда. Біздің оқушылар үлкен жетістіктер әкелді. Облыстық, республикалық білім сайыстарында математика пәнінен жеңімпаз атандық. Осы үлкен жетістіктерге қол жету үшін  қолдау көрсетіп отырған қала әкіміне, облыс басшысына, ең бастысы Елбасымызға рахмет айтамыз. Қазақстанымыз жасасын. Бейбітшілік болсын.

Сықырлаған аязға қарамай Тәуелсіздік күнін атап өтіп, мерекелік концертті тамашалауға тұрғындар көптеп жиылды.

 – Барша қазақстандықтарды Тәуелсіздік мерекесімен құттықтаймын. Осы Тәуелсіздік бізге еркіндік, татулық пен бірлік берді. Осындай жарық күндерге жеттік.Тәуелсіздігімізді біздің азаматтарымыз сақтап, көк туымызды биікте желбірете берсін.Бақытты күндер көп болсын.
– Мерекеміз құтты болсын. Тәуелсіздігіміздің тұғыры биік, қазағымыздың егемендігі жоғары болсын.Құтты болсын.
– Барлық азаматтарды Тәуелсіздіктің 20 жылдығымен құттықтаймын.

 
 Әрбір қазақстандық үшін қастерлі мереке – Тәуелсіздік күні қаламыздың әр түкпірінде бар сән-салтанатымен аталып өтті. Заречный кентінің тұрғындары да азаттық мейрамын тойлаудан шет қалмай,  аязды күнге қарамастан мерекелік концертті тамашалауға жиылды.

Тәуелсіз еліміздің төл тарихындағы айтулы мейрам – Егемен елдің 20 жылдығын тойлауға жиылған жұртшылықтың көңілі көтеріңкі. Бұл уақыт тарих үшін аз болғанымен, барша дүниежүзіне Қазақстан атты егемен, дербес мемлекетті мойындатқаны анық. Жыл санап еліміздің мәртебесі асқақтап, халықтың әлеуеті жақсаруда. Жас ұстаз Әлия Балтабекова елімізде жастарға жақсы қолдау көрсетіледі, қолынан іс келетін, білімді кейінгі толқын көштен қалмайды дейді.  Еліміздің басты байлығы – бейбітшілік пен келісім. Бір тудың астына жиылған түрлі ұлт өкілдері тәуелсіз мемлекетіміздің өсіп-өркендеуіне өз үлестерін қосуда. Бірлік пен ынтымақтың арқасында еліміздің тұғырлы тойын дүбірлетіп атап өтуге қол жеткізіп отырмыз.

 – Тәуелсіздік арқасында көп нәрсеге қол жеткіздік.
 – Әсіресе, жастарға қолдау көрсетілуде.
 
Алаңға осындай мерекелік көңіл-күймен жиылған халық бүгінгі күннін ұлылығын сезінуде. Бейбіт елдің азаматтары бір-біріне көк туымыз көк аспанда мәңгі желбіресін деген тілектерін білдіріп, бірлесе ән шырқап, би биледі.

Жеңіс Ермұқанов, Жандос Наурызбаев, Инеш Шоқақова