Билік

Петропавл қалалық мәслихатының сессиясы

 

 

 

Алдағы 3 жылға жоспарланған қала бюджеті осыған дейін тұрақты комиссиялардың отырысында 2 мәрте қаралған. Сондықтан  депутаттар бюджеттің кірісінің қандай болып, шығыс бөлігінің қай салаларға бағытталатынынан хабардар.  Сессияға экономика және бюджеттік жоспарлау бөлімінің бастығы  өткен жиындарда бірқатар ұсыныстар енгізіліп, толықтырылған жобаның соңғы үлгісін ұсынды.

Гүлнара Әмренова, Петропавл қалалық  экономика және бюджеттік жоспарлау бөлімінің бастығы:
– Бюджеттің кіріс бөлігі 2012 жылы 7 млрд 475 млн 813 мың теңгені, 2013 жылы 7 млрд 682 млнды және 2014 жылы 8 млрд 24 млн 413 мың теңгені құрайды деп болжанып отыр. Бюджеттің кірісін салық түсімдері – бұл 5, 971 млрд теңге мен 4 млрд 967 млн теңге шамасындағы республикалық және облыстық трансферттер құрайды. Бір реттік талондар бойынша жеке табыс салығы 200 млн теңге көлемінде бекітіліп отыр.
 
Ал бюджеттің шығыс бөлігінің қомақты мөлшері білім беруге бағытталған. Келер жылға қала қазынасынан бұл салаға 5 млрд 51 млн теңге қарастырылыпты. Әлеуметтік қорғау саласына 475 млн, мәдениет пен тілдерді дамытуға 143 млн, жолдарға  – 306 және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығына 682,3 млн теңге бағыттау жоспарлануда.

Александр Казанцев, қалалық мәслихаттың экономика және бюджет бойынша тұрақты комиссиясының төрағасы:
-Бюджеттің шығыс бөлігінде барлық бағдарламаларды қаржыландыру қарастырылған. Өйткені біз бұл құжатты мәслихаттың келесі құрамына тапсырып отырмыз. Сондықтан алдағы үш жылдың бюджетін тыңғылықты талқылауды мақсат еттік. Негізгі қаражат білім беру саласына оның ішінде, мектептерді жөндеу, техникалық жарақтандыру, оқулық және қажетті әдебиеттермен, арнайы сыныптармен қамтамасыз етуге қарастырылды. Тағы бір басым бағыт – тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығын қолдау. Алдағы жылдары тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығын жаңғырту бағдарламасы осы қаржы есебінен жалғасады.
 
4-шақырылымның депутаттары бұл құрамда соңғы рет жүздесіп отыр. Қалалық мәслихаттың келесі сессиясына жаңадан сайланған халық қалаулылары қатысатын болатын. Сондықтан  бүгінгі жиында  халық қалаулары қала басшылығы мен бөлімдер жетекшілеріне өз тілек-ұсыныстарын білдірді. Терең талқылауды қажет ететін құжаттар депутаттардың қолына 15 күн бұрын берілуі тиіс. Сонымен қатар өткен жылдармен салыстырмалы мәліметтер де артық етпейді. Жиын соңында мәслихаттағы 19 депутаттың сессияға қатысқан 13-і  2012-2014 жылдарға арналған қалалық бюджет жобасын қабыл алды.

 Гүлмира Шоқтыбаева