Аптадағы маңызды жаңалықтар

Кәсіпкерлерге құрмет көрсетілді

 

Экономикасы тұрақты әрі қарқынды дамыған елдің өзі мықты. Сондықтан Нұрсұлтан Назарбаев кезекті жолдауында республика нарығында шағын және орта бизнестің үлесін 40 пайызға жеткізу керектігін айтты. Әлемдік нарыққа енуде Елбасы алдымен кешенді түрде халықарақ талаптарға жауап беретін кәсіпорындардың қатарын арттыруға басымдық беріп отыр.

Серік Біләлов, СҚО әкімі:
– Президент Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың саясаты арқасында Тәуелсіздік жылдары Қазақстан әлемге танылды. Қазақстанның бәсекеге қабілетті елдер қатарына ену жолында өнеркәсіп және индустрия саласының орны ерекше. Бұл салада біздің облысымызда да қарқынды жұмыстар атқарылуда.  

Облыста үдемелі индустриялық- инновациялық даму бағдарламасына 30 млрд теңгенің 24 жобасы еніп, 18-зі жүзеге асқан. “Бизнестің жол картасы-2020 ” бағдарламасы аясында жеке ісін дөңгелетем деген 1107 кәсіпкерден 1 млрд теңгенің өтініші түсіпті. Салтанатты жиында ісі өрге домалаған тауар өндірушілер марапатқа ие болды. Өңіріміздің өндіріс саласының жетекшілерімен үздік мамандарына “ҚР тәуелсіздігіне -20 жыл» мерейтойлық кеуде белгілері берілді.

Игорь Коровин, “ЗИКСТО” АҚ бас директоры:
– Мемлекеттің қолдауының арқасында біз бүгін толағай табыстарға жетіп отырмыз. Кәсібіміз өркендеп, еліміз дамуда. Біз бүгінге дейін Қазақстанның темір жолына 1000 отандық вагон шығардық.

“Құрметті машина жасаушы” кеуде белгісі табысталғандардың қатарында Петропавл құбыр зауытының бас директоры Марат Абюров  та бар.

Марат Абюров,  “Петропавл құбыр зауыты” ЖШС бас директоры:
– Еңбегіміздің бағаланғанына қуаныштымыз. Бізде шығарылатын құбырлар Алматы қаласының бар газ тарату жүйесіне қосылған. Тапсырыстар бар. Алдағы уақытта Ресеймен де әріптестік қатынас орнатуды көздеп отырмыз.

Облыс әкімінің құрмет грамоталары да өз иелерін тапты. Салтанатты жиында ” Үздік кәсіпкер -2011″ аумақтық байқауының лауреаттарына да құрмет көрсетілді.

Жеңіс Ермұқанов