Қоғам

Бәйтерек ауылы атамекенге оралғандардың құт мекеніне айналды

 

 

 

 «Елге ел қосылса,  құт” деген дана халқымыз. Бүгінде Бәйтерек ауылында ата жұртты аңсап жеткен үш жүзден артық қандасымыз тұрып жатыр. Осылайша “Тарихи Отанымызға оралып, өз еліміз үшін еңбек етсек қой» деген арман тәуелсіздіктің ақ таңы атқанда орындалды. Қайролла Сүлейменов – ауылдың ақсақалы. “Ата-бабамыздың кіндік қаны тамған жеріне келіп, өз елімізде, тәуелсіздік туының астында бейбіт те берекелі тірлік кешу үлкен қуаныш дейді қария.

Қайролла Сүлейменов, Бәйтерек ауылының тұрғыны:
Бұл ата-бабамның жері. Шетте жүрсек те, ата-анамыз – сенің елің бар, жұртың бар, Қазақстан деген Отаның бар – түбінде атамекенге бір ораласыңдар деп айтып кетті. Міне Алла жазып, осында келдік. Үкімет үй салып берді. Елімізге келіп, тәуелсіздіктің  20 жылдығын атап өткелі отырмыз.

Атамекенге оралып, тәуелсіздіктің 20 жылдығын атап өтіп жатқанына шүкіршілік етеді Бәйтерек ауылының тұрғындары. Алдағы уақытта еліміздің дамып-гүлденіп, онымен бірге туған ауылымыздың да өсіп-өркендейтініне сенімдіміз дейді шеттен келген ағайындар. Бүгінгі күні Бәйтеректе 140 отбасы түтін түтетіп отыр. Тағы жүзге жуық баспана салынуда. Ауылда дүкендер жұмыс істейді. Дәрігерлік пункт бар. Енді мектеп пен балабақша ашылса дейді тұрғындар. Бүгінде ауылда 200- ге жуық бала бар екен. Оларды аудан орталығына апарып-әкетіп оқыту қиынға соғып тұрған көрінеді.

Әлішер Жұмабеков, Бәйтерек ауылының тұрғыны:
Үй беріп жатыр, жер беріп жатыр рахмет. Ауылымызға келешекте балабақша, жастарға клуб құрылатын болса және жастарымызға жұмыс болса той үстіне той болар еді. Өзіміз де жұмыс істеп, ел игілігі үшін еңбек етер едік.  

Ата-бабамыз кәсіп еткен мал шаруашылығын қолға алуды ниет етіп отыр ауыл тұрғындары. Бұл орайда мемлекет тарапынан көмек болса дейді.


Қайролла Сүлейменов, Бәйтерек ауылының тұрғыны:
-Қазақ баласына малсыз күн көру қиынға түседі.
Енді кредит алып, мал алып, бір ферма ашу керек бізге. Бұл тиімді болар еді. Біріншіден бұл жұмыс орны. Содан кейін бұл мал 5-6 алты жылдың ішінде көбейеді. Осы мәселені шешу үшін көмектессе деп отырмыз.

Жалпы жиырма жыл ішінде тарихи Отанына 300 мыңнан астам отбасы, бір миллионнан артық қазақ оралған.

 Айымгүл Әбілева