Спорт

Владимир Эрман – паралимпиадалық ойындарға лицензия иегері

Біріккен Араб Әмірліктерінде мүмкіндігі шектеулі жандар арасында өткен халықаралық жарыста облыс намысын Владимир Эрман қорғады. Додаға 11 елдің спортшылары қатысты. Жерлесіміз 100 метрлік қашықтықта жүзіп, алтын медаль, ал 50  метрде  екі бірдей күміспен қоржынын толықтырды. Сондай – ақ Лондонда өтетін параолимпиадалық бәсеге «Б» тобында өнер көрсетуге жолдама алды.

Владимир Эрман, мүгедектер спортының халықаралық дәрежедегі шебері:

 

-Халықаралық жарыста елімнің әнұранын асқақтатып, көк туымызды желбіреткенімді мақтан тұтамын. Алдағы жарыстарда да биіктен көріну менің мақсатым.

Бұл жарыста ел намысын 29 спортшы қорғады. Олардың қатарында жүзгіштер мен жеңіл атлетшілер бар. Жарыс нәтижесі бойынша қазақстандықтар үшінші орынға табан тіреді. Бірінші орында Қытай болса, польшалық спортшылар күміс медальға қол жеткізіпті.

Наталья Предеина, жаттықтырушы:

– Әрбір жарыс өткен сайын Владимирдің дайындығы жақсаруда. Алдағы уақытта «А» тобына өтеді деген сенімдемін.Ол үшін дайындықты бүгіннен бастамақпыз.

Баспасөз конференциясында Владимирге халықаралық дәрежедегі спорт шеберінің төс белгісі табыс етілді. Сондай – ақ бірнеше спортшы облыстық туризм, спорт және дене шынықтыру басқармасының грамоталарымен марапатталды.

Жандос Наурызбаев