Құқық қорғау органдары

Ауыр қылмыс бір тәулікте ашылды


 

51 жастағы ер адамның мәйіті өткен жұма күні күндізгі сағат 11 шамасында табылған болатын. Оқиға орнына келген жедел тергеу тобы оның  ауыр бас жарақатынан көз жұмғанын анықтады. Қылмысты көзімен көрген куәгерлер жоқ. Полицейлер қолда бар айғақтарды мұқият жинастыра отырып, үй тұрғындары мен жақын маңдағы дүкен иелері арасында сұрастыру жүргізді.

 Ғалым Байжанов,  СҚО ІІД тергеу басқармасы бастығының орынбасары:
– Біз бұл қылмыс бойынша бірнеше болжам жасап, іздестіру шараларын жүргіздік. Дүкендегі көне заттарды және ақшаны олжалау мақсатымен қарақшылық шабуыл жасалды деген болжам негізгі болды. Көз жұмған ер адамның таныстары және антиквариат бизнесіне қатысты байланыстары тексерілді.

Тәртіп сақшылары келесі күні-ақ күдіктілердің бірін қолға түсірді. Тергеуге алынған 22 жасар қала тұрғынынан ұрланған ақша тәркіленіпті. Қылмыс жасаған уақытта оның қасында танысы болған екен. Олар 500 мың теңге көлеміндегі заттар мен ақшаны жымқырған. Қазіргі уақытта күдікті қамауға алынып, «Адам өлімі» және «Тонаушылық» фактісі бойынша қылмыстық іс қозғалды.

Инеш Шоқақова