Кеден

Кеден қызметінің мерейтойы


 

Қазақстандық кеден органдары тәуелсіздіктің жиырма жылы ішінде дамып нығайды. Бүгінгі күні аталмыш жүйенің ұлттық қауіпсіздікті қамтамасыз етіп, сыртқы сауданы реттеуде маңызы орасан. Ал Кеден Одағының құрылуы бұл сала қызметкерлеріне үлкен жауапкершілік жүктеп отыр. Осы міндеттерді орындау үшін аянбай еңбек етіп келе жатқан кеденшілерді кәсіби мерекемен облыс әкімі Серік Біләлов құттықтады.

Серік Біләлов, СҚО әкімі:
-Санаулы күндерден кейін біз ҚР тәуелсіздігінің 20 жылдығын атағалы отырмыз. Сондай-ақ айтулы мерекемен қатар елімізде кедендік бақылау органдарының құрылғанына 20 жыл толды. Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев  қылмыспен, сыбайлас жемқорлықпен, заңбұзушылықпен қатал күрес жүргізу керек  деген болатын. Қоғамда заңдылықтың сақталуын қамтамасыз етуде Сіздердің қосар үлестеріңіз зор. Сондықтан сіздер алға қойған міндеттерді іске асыруда аянбай еңбек етеді деген сенімдеміз.  

Жыл сайын республикалық бюджетке 1 трлн. теңгеден астам кедендік төлемдер мен салық түседі. Бұл қазынаның 40 пайызын құрайды екен. Облыс кеденшілері соңғы бес жылда 500 кг-нан артық есіркті тәркілеген. Заңсыз айналымнан 520 млн. теңгенің контрабандалық тауары мен валюта алыныпты. Заңдылықтың сақталуын қамтамасыз етуде елеулі еңбек сіңірген кеденшілер салтанатты жиында марапатталды. Облыс әкімі кеден органының 4 қызметкеріне “ҚР тәуелсіздігіне – 20 жыл” мерейтойлық медалін табыс етті. Облыс әкімінің құрмет грамоталары мен алғыс хаттары да өз иелерін тапты. Сондай-ақ салтанатты жиында адал еңбегі үшін кеден органдарының бір топ қызметкеріне “Кеден қызметіне  – 20 жыл” төсбелгісі табыс етілді. Мінсіз қызметі үшін бірқатарының шені де жоғарылады.

 Айымгүл Әбілева