Аптадағы маңызды жаңалықтар

Ел тәуелсіздігінің мерейтойына арналған салтанатты жиналыс

 

 

 

Ел тәуелсіздігінің 20 жылдығына арналған жиын сән салтанатымен басталды. Тарих үшін аз уақыт болғанымен, мемлекетіміздің тәуелсіздігін дүние жүзі мойындады. Еліміздің экономикасы бәсекеге қабілетті болып, әлеуметтік сала нығайды. Ел халқының тұрмыс-тіршілігінің жақсаруына Солтүстік Қазақстан облысы тұрғындарының қосқан үлесі де молынан.

Серік Біләлов, СҚО әкімі:
– Білім, денсаулық, құрылыс саласы жылдан жылға дамып келеді. Жас ұрпақ үшін балабақша, мектептер салынып, іске қосылды. Облыс тұрғындары үшін жаңа денсаулық мекемелері бой көтерді.  Биылғы жылы Қазақстанның негізгі астық өндіруші өңірі – СҚО диқандары алтын астықты тапсыруда рекордтық деңгейге жетті.  Сіздерді ұлы мереке -Тәуелсіздігіміздің 20 жылдығымен құттықтаймын.

 Бейбітшілік пен жасампаздықтың 20 жылын жоғары нәтижелермен қарсы алуға әр тұрғынның атсалысқаны анық. Ал өзінің адал еңбегімен ерекшеленгендер үшін көрсетілетін құрмет те айрықша. Салтанатты жиында түрлі салаларды дамытып, Қазақстан халқы арасындағы достықты нығайту ісіне елеулі үлес  қосқан бір топ солтүстікқазақстандық «Құрмет» орденінің иегері атанды.

 Нұржан Әшімбетов, Петропавл қаласының әкімі:
– Бұл марапат барша қала тұрғындарының еңбегіне берілген баға деп білемін. Алған бетімізден қайтпай, жұмысымызды жалғастырмақпыз.

Сондай-ақ жиында кәсіпкерлер, ұлттық мәдени орталық мүшелері мен белсенді азаматтар «Ерен еңбегі үшін» медалімен марапатталды. «Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері» құрметті атағы да лайықты тұлғаларға берілді.

Қуандық Қасымов, С.Мұқанов атындағы қазақ сазды-драма театрының директоры:
– Өте жоғары марапатқа ие болғаныма қуаныштымын. Өңіріміздің мәдени өмірінің дамуына әлі де атсалыспақпын.

 Ал ата-бабамыздың осы ұлы аманатын абыроймен сақтап, көпұлтты еліміздегі татулықты нығайту өскелең ұрпақтың борышы.  

Ернұр Әлиасқар, тәуелсіздік құрдасы:
– Тәуелсіз елдің ұландары болу біз үшін үлкен бақыт. Сондықтан еліміздің дамуына өз үлесімізді қосуға уәде беремін.

Салтанатты жиын Тәуелсіздікке арналған сахналық қойылымдар мен ән-шашуға ұласты.

Инеш Шоқақова