Аптадағы маңызды жаңалықтар

Явленкада қуатты диірмен-макарон кешенінің тұсауы кесілді

 

 

 

Шежірелі егемендік жылдары аймағымыздың жалпы өнеркәсіптік әлеуеті 115 есеге артқан. Әсіресе кейінгі он жылда ауыл шаруашылығы саласындағы өндіріс көлемі алты есе, еңбек өнімділігі бес есеге өсті. Соңғы екі жылда облыста үдемелі индустриялық- инновациялық даму бағдарламасы аясында 18 млрд теңгенің 20 жобасы жүзеге асқан.

 Серік Біләлов, СҚО әкімі:
-Аса құрметті  Елбасы, Сіздің қолдауыңыздың арқасында тәуелсіздік жылдары аймағымыздың экономикасы қарқынды дамып келеді. Қазақстан темір жолына отандық вагондар, мұнай өндіруге қажетті қондырғылар. Астық өндірісімен қатар ет өнімінің де экспорттық әлеуеті артты. Облысымызда азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету бағытындағы жұмыстар жалғасуда. Бүгін біз үдемелі индустриялық- инновациялы
қ даму бағдарламасы аясында тағы бір жобаны іске қосуға әзірміз. Құрметті Нұрсұлтан Әбішұлы, Сізден жаңа нысанды іске қосуыңызды сұраймыз.
 
Тікелей телекөпір байланысында аймақ басшысының баяндамасын тыңдаған Елбасы өміршең жоба ұсынысын қолдады.  Тәуелсіздіктің 20 жылдығы қарсаңында Елбасы тұсауын кескен жобаның құны 500 млн теңге. Қаражатты “Қазагрофинанс” компаниясы лизингке берген. Кәсіпорын қажетті құрылғыларды 1 млн АҚШ долларына сатып алған. Цехтар тегістей италиялық қондырғылармен жарақтандырылыпты. Жаңа өндіріс кешені 40 адамды тұрақты жұмыспен қамтитын болды. Орташа жалақылары 40 мың теңге.

Владимир Никишанов, «Егін»  ЖШС диірмен, макарон кешенінің технологы:
-Италиядан мамандар келіп, жаңа техниканың тіліне үйретті.
Қондырғылар автоматтандырылған, жылдам әрі сапалы өнім шығарады. Жұмысымыз ауыр емес, өзіме ұнайды. Елді мекенде жаңа жұмыс орындарының ашылуы біз үшін үлкен қуаныш.  

“Егін” серіктестігінің қуатты жаңа диірмен-макарон кешені тәулігіне 14 тонна макарон өнімдерінің 6 түрін, бидайдан күніне 100 тонна ұн үгуге қауқарлы көрінеді.

Владимир Чубыкин, “Егін” ЖШС диірмен, макарон кешенінің директоры, Есіл ауданы:
Біз өңірден бөлек Қазақстанның нарығына шығатын боламыз. Алдын-ала келісімдер жасалып қойылды. Өзбекстан,Ресейден де біздің өнімге деген сұраныс бар. Алдағы уақытта макаронның түрлерін көбейтуді жоспарлап отырмыз. Барлық ұсыныстарды қанағаттандыруға тырысамыз.  

Шаруашылықта бұған жетерлік шикізат қоры бар. Биылғы орақ науқанында серіктестік иелігіндегі 7 мың Га егін аса бітік шықты. Орташа гектар берекелігі 30 центнерден айналыпты. Кәсіпорынның жоғары сапалы макарон өндіруге қажет 3-ші сұрыпты бидайды сақтайтын сыйымдылығы 12 мың тонна болатын өз элеваторы бар.

Жеңіс Ермұқанов