Бизнес және экономика

“Ел ырысы” жәрмеңкесі

 

Тамақ және қайта өңдеу өнеркәсібінің жәрмеңкесі Петропавлда алғаш рет ұйымдастырылып отыр. Жәрмеңкеде өз өнімдерін 40-тан  астам өңір кәсіпорындары ұсынды. Олар 9 млн. теңгенің өнімін әкелген. Сауда сөрелеріне 300-ден артық өнім түрі шығарылды.

Онда өз өнімдерін облыс аудандарынан келген тауар өндірушілер ұсынады.

Алтынбек Абдуллаев , СҚО ауыл шаруашылығы басқармасының бөлім бастығы:
– Оннан астам ет өңдеу кәсіпорындары, 6 сүт өңдеу кәсіпорны, 3 ұн үгу кәсіпорны, сонымен қатар көкөніс өсіретін шаруашылық қожалықтары да келіп отыр. Сондай-ақ көлдерді арендаға алып отырған балық өсіретін шаруашылықтар, тәтті тағам шығаратын 2 фабрика өкілдері келді.

Жәрмеңкеге қойылған азық-түліктің бағасы нарықтағыдан 20-30 пайызға төмен. Жоғары сұрыпты ұнның келісі – 50 теңге, бірінші сұрыпты ұн – 45 теңгеден сатылды. Жұмыртқаның он данасы – 120-130 теңге, қаймақ – 470 , ірімшік – 450, ал майдың келісі – 1000 теңге шамасында.

Нұржан Әшімбетов, Петропавл қаласының әкімі:
-Тұрғындар үшін жасалып жатыр. Бағалар тұрақты болады деп ойлаймын. Бүгін нан пісіретін кейбір кәсіпорындар төмен бағамен нан сатуда. Бұрын бірінші сортты нан 40 теңге болса, биыл астық мол болғандықтан, бір бөлке нанның бағасы 37 теңгеге дейін түсті. Бұл коммуналдық базарда қайта өңдеуші кәсіпорындар үшін ылғи орын болады.

Жәрмеңкеде сондай-ақ бал, шұжық өнімдері, балық пен жеміс-көкөніс сатылды. Жеке кәсіпкер Кенжеболат Смағұлов 2 тонна көкөніс әкеліпті.

Кенжеболат Смағұлов, «Смағұлова Роза» жеке кәсіпкерлігінің жетекшісі:
-Бағасы арзан. Кейбір жеміс- көкөністің бағасы 40-50 теңгеге, кейбірінікі 100 теңгеге дейін төмен. Халық тез алып жатыр. Барлығының сатылатынына сенімдімін.

Жәрмеңкеге халық көп жиылды. Таңертең ерте келген тұрғындар саудаға шығарылған азық-түлік бағасының қалта көтерерлік екенін айтады. Ал желтоқсанның оны,  сенбі күні облыс орталығында дәстүрлі ауыл шаруашылығы жәрмеңкесі өтеді.

Айымгүл Әбілева