Мәдениет

Бүлдіршін суретшілер көрмесі

 

 

 

Қоршаған ортаға ерекше көзбен қарайтын бүлдіршіндер өз қиялдарын қағаз бетіне түсіріпті. Ең кішкентай суретшінің жасы – 4-те. Түрлі байқаулар мен көрмелерде жеңімпаз атанып үлгергендер де бар. Камила Абраева өзінің суретінде сүйікті ойынын бейнелепті. 2-сынып оқушысы адамдарды бейнелегенді ерекше ұнататын көрінеді.

Камила Абраева, жас суретші:
– Маған адамдарды салған өте ұнайды. Көрмеге қойылған суретімде ойнап жүрген қызды бейнеледім.
Ол сурет өзімнің көңілімнен шықты.

Экспозицияға түрлі тақырып пен сан алуан жанрдағы туындылар қойылған. Барлығы 30 сурет. Алайда ұйымдастырушылар көрмені кеңейтіп, толықтыруды жоспарлап отыр.

Сабыр Әбілкәрімов, қалалық білім бөлімінің әдіскері:
Бұл көрме балалардың шығармашылық қабілеттерін арттыру үшін ұйымдастырылып отыр. Негізінен аулалық клубтар мен №17 мектеп оқушыларының туындылары қойылған.

Суреттерді салу тәсілдері де әр түрлі. Жас суретшілер өз жұмыстарында түрлі-түсті қарындаштар, гуаш пен акварельді қолданыпты. Бұл көрме айналадағы құбылыстарды балалардың көзімен көруге мүмкіндік бермек.

 – Суреттер бірінен-бірі өтеді. Кейбір балалар адамдарды бейнелесе, енді бірі табиғат көріністерін шебер жеткізе білген. Бұл өте қуантады.
Өте жақсы көрме. Бүлдіршіндердің суретті осындай жоғары деңгейде салатындарына таңғалып тұрмын.  

Сондай-ақ көрмеден жас суретшілердің ұстаздарының туындыларын да кездестіруге болады. Жұртшылық назарына Юрий Кузнецовтың 6 еңбегі ұсынылған. «Айналаға көз сал» көрмесі солтүстікқазақстандықтарды наурыз айына дейін қуантпақ.

Инеш Шоқақова