Бизнес және экономика

20 жылдың статистикалық жинағы

 

 

Статистикалық жинақта әлеуметтік-демографиялық көрсеткіштер, халықтың тұрмыс деңгейі, еңбек рыногы мен ұлттық экономиканың даму сатылары көрсетілген. 20 жыл ішінде барлық салаларда оң өзгерістерді байқауға болады. Әсіресе, өңірімізде құрылыс, өнеркәсіп, байланыс, ауыл шаруашылығы салалары серпінді дамуда.

Гүлзиян Ізбасова, СҚО статистика департаменті бастығының орынбасары:
– Облыс бойынша 2010 жылы жалпы өңірлік өсім 467 млрд. теңгені құрады. Облыс экономикасының негізі ауыл шаруашылығы болып табылады. Бұл салаға жалпы өңірлік өнімнің 24 пайызы келеді.  

Облысымыз сүт және жұмыртқа өндіру бойынша көш басында. Ет өндіру саласында 2-ші орынға тұрақтап отыр. 2010 жылы жан басына шаққанда 106 келі ет, 966,7 келі сүт және 674 дана жұмыртқа өндіріліпті. Аймақта өнеркәсіп саласы да жыл санап дамып келеді. Соңғы 20 жыл ішінде тау-кен өнеркәсібінің көлемі 160 есе, резеңке және пласмасса бұйымдарын өндірудегі өсім 41 есеге артқан. Жаңа кәсіпорындардың ашылуының арқасында жұмыссыздық деңгейі де біршама төмендеген.

Гүлзиян Ізбасова, СҚО статистика департаменті бастығының орынбасары:
-Жұмыссыздық деңгейі 3,1 пайыздық пунктке қысқарып, 2010 жылы 5,8 пайызды құрады.
Номиналдық еңбекақының жылдық өсім қарқыны 8,5 пайызды құрады. 2010 жылы облыста номиналдық еңбекақы 51689 теңгеге жетті.  

Тәуелсіздіктің екінші онжылдығында облыстағы жұртшылықтың жеке меншік жеңіл көліктермен қамтамасыз етілуі 2 есе өсіп, 100 адамға 13 автомобильді құрап отыр. Телекоммуникациялық жүйені дамыту мен жаңғырту да басты назарда. Өңірімізде тіркелген телефон желілерінің саны 10 жылда 2 есе өсті, орташа есеппен 10 отбасының 8-і телефонмен қамтамасыз етілген. Соңғы 5 жылда интернет жүйесі абоненттерінің саны 5 есеге артыпты. Бұл облыстың экономикасы мен халықтың тұрмыс деңгейі жақсарғандығының белгісі.

Инеш Шоқақова