Қылмыс

Жертөледен мина табылды

 

 

 

Учаскелік полиция инспекторы Чайковский көшесіндегі бес қабатты үйлердің бірінде тіркеуде тұратын 45 жастағы ер адамды тексеруге барған. Бірақ  азамат үйінен табылмай, көршілері оның жертөледе жиі болатындығы туралы тәртіп сақшысына ақпарат берген. Жертөлеге түскен полиция инспекторы бұл жерде де үй иесін таппаған. Қырағылық танытқан тәртіп сақшысы үстел астында мина жатқандығын байқап, жедел басқару орталығымен хабарласқан.

Дәурен Ширажиев, 2-ші полиция бөлімінің учаскелік полиция инспекторы:

-Бұл азамат бізде жанжалқой ретінде тіркеуде тұр, анасымен жиі сөзге келісіп, кейде осы жертөледе түнеп жүреді. Жертөлені тексеру кезінде минаны байқап қалдым, бірден кезекшіге хабарлап, оқиға орнына «Арлан» арнайы мақсаттағы бөлімшесінің

қызметкерлері шақыртылды.

Тәртіп сақшылары оқиға орнын қоршауға алып, үй тұрғындары қауіпсіз жерге шығарылды. Жақын көшелердегі қозғалыс та уақытша тоқтатылды. «Арлан» арнайы мақсаттағы бөлімшесінің саперлері танкке қарсы қолданылатын жаттығу минасының қауіпсіз  екенін жеткізді. Жауап алу барысында ер адам аталмыш затты оған сақтауға ағасы бергендігін айтқан. Сондай- ақ пәтерден «Парабеллум» және «ТТ» тапаншаларының екі оғы табылып, азаматтың ағасынан полицейлер «ППШ» автоматының және «Макаров тапаншасының» магазиндерін және қолдан жасалған қанжарды тәркіледі. Қару-жарақ  иесі 50 жастағы ер адам антикварлық заттарды жинаумен айналысатынын алға тартып, оларды бейтаныс адамдардан сатып алғанын айтты. Қазіргі кезде тәркіленген қару-жарақтар сараптамаға жіберілді.

Жандос Наурызбаев