Бизнес және экономика

Тұрғын үй құрылыс банкінің акциясы

 

 

 

М. Жұмабаев ауданының Булаев қаласының тұрғыны Саят Зағыпарова  – “Қазақстанның тұрғын үй құрылыс жинақ банкі” АҚ салымшысы. Жаңа баспанаға қаражат жинауға бел буған жерлесіміз Тәуелсіздіктің 20 жылдығына орай комиссиялық төлемді 20 пайыздық жеңілдікпен өтеді.

Саят Зағыпарова:
– Балаларымның болашағына үй алу үшін осында келдім. Бұл өте тиімді. Сонымен қатар салған ақшам үкіметтен  – 20,  банктен 2 пайызға өсіп отырады.

Желтоқсанның 8-15 аралығында өтетін мерейтойлық акция аясында кез келген қазақстандық бұндай мүмкіндікке ие. Ол үшін тұрғынжай мәселесін қолжетімді бағамен шешкісі келетін азамат тұрғын үй жинақ банкімен келісімге тұру керек. Бүгінде 7 мыңнан артық солтүстікқазақстандық аталмыш қаржы институтының салымшысы атанып отыр. Басты талап – пәтерлер сатып алу үшін клиенттің есепшотында алатын үйінің жарты құны жатуы керек. Қалғанын банк несиелендіреді. Сондай-ақ елу пайызын жинап үлгермегендер үшін аралық және алдын ала займдар енгізу де жоспарланған. Жыл басынан 1,9 млрд теңгенің 537 өтініші қанағаттандырылды. Бұған “Қазпошта” АҚ қосқан үлесі аз емес. 2006 жылдан тұрғын үй құрылыс жинақ банкімен бірлескен жұмыс нәтижесінде 256 келісім жасалған, оның 112-сі биылғы жыл басынан.  
 Үкімет пәтерді қолжетімді ету мақсатында 2011-2014 жылдарға арналған құрылысты дамыту бағдарламасын қабылдады. Тың бастама бойынша Петропавлда 5 баспана бой көтермек. Оның біреуі 2012 жылдың қазан айында салынып бітеді. Бүгінде бұған қызығушылық танытқан салымшылар баршылық. Жобаға қатысуға 14 солтүстікқазақстандық өтініш білдіріпті.

Балахмет Мөлдинов, “Қазақстанның тұрғын үй құрылыс жинақ банкі” АҚ СҚОФ директоры:
-Жаңа тұрғын үй бағдарламасында пәтердің 1 шаршы метрінің құны белгіленген. СҚО үшін – баға 90 мың теңгені құрайды. Осылайша банк салымшысы қажетті ауданды таңдап, өзінің болашақ пәтерінің бағасын білу мүмкіндігіне ие.

Банк қызметкерлері бағдарламадан ешкім құр қалмай, құлағдар болуы үшін шалғай аудандарға шығып түсіндіру жұмыстарын жүргізетін болады.

Жеңіс Ермұқанов