Билік

Құрылыс саласындағы жетістіктер

 

 

Тәуелсіздік жылдары қалалар мен ауылдық елді мекендер дамып, көркейді. Тоқтап қалған құрылысқа жан бітті. Оны бой көтерген зәулім ғимараттардан аңғаруға болады. Үстіміздегі жылы құрылыс жұмыстарының жалпы көлемі 20 млрд теңгені құрап отыр. Бұл 1993 жылмен салыстырғанда 243 есеге артық. Яғни тұрғын үй бағдарламасы өз жемісін беруде.

Серік Махметов, СҚО құрылыс басқармасы бастығының бірінші орынбасары:
– Тәуелсіздік алғаннан бері еліміз жақсы жетістіктерге жетті. Құрылыс саласында да оң өзгерістер болды. 20 жыл ішінде көлемі 125 млрд теңгеден астам құрылыс жұмыстары орындалды.

Тұрғын үй бағдарламасын жүзеге асыру барысында 2005 жылдан бері 880 мың шаршы метр тұрғын үй халық игілігіне тапсырылыпты. Бұл 9609 пәтер. Оның 766 -сы жалға берілетін коммуналдық  пәтерлер болса, 1003-і ипотекалық үй. Сондай-ақ «Нұрлы көш» бағдарламасы да баспанаға мұқтаж жандар үшін зор мүмкіндік болып отыр.

Серік Махметов, СҚО құрылыс басқармасы бастығының бірінші орынбасары:
– «Нұрлы көш» бағдарламасы бойынша 140 жеке үй қолданысқа берілді. Оның дені – Қызылжар ауданы Бәйтерек ауылында. Сондай-ақ «100 мектеп, 100 аурухана» бағдарламасына сәйкес биыл Айыртау ауданы Кирилловка ауылындағы 240 орынға шақталған мектептің құрылыс жұмыстары аяқталды.

Дәл осы бағдарлама бойынша үстіміздегі жылы Ғ.Мүсірепов ауданының орталығы Новоишимка селосында туберкулезге қарсы диспансер ашылды. Облыс орталығында да құрылыс жұмыстары қызу жүргізілуде. Соның арқасында кейінгі жылдары жаңа емхана қолданысқа берілді. 2011 жылы облыс бойынша 105 мың шаршы метр тұрғын үй халық игілігіне тапсырылмақ.

Инеш Шоқақова