Билік

Қаржы саласы қызметкерлеріне құрмет көрсетілді

 

 

 

Соңғы жиырма жылда еліміздің қаржы жүйесі дамып нығайды. Бүгінгі күні экономиканың бұл секторы ТМД аумағында үздіктердің қатарында деп атап өтті облыс әкімі Серік Біләлов. Осы күні өңіріміздің қаржы саласы да тұрақты түрде дамып келеді.

Серік Біләлов, СҚО әкімі:
Ұлттық валютамыз – теңгені енгізу толыққанды экономикалық саясатты құруға мүмкіндік берді. «Әуелі экономика, кейін саясат» қадиғасын негізге алған еліміз үлкен жетістіктерге қол жеткізді. Бүгінде еліміздің, оның ішінде өңіріміздің де қаржы жүйесі дамып нығайып келеді. Айталық, тоғыз айдың қорытындысы бойынша, өңірде берілген несиелердің көлемі өткен жылмен салыстырғанда 14 пайызға өскен. Облыстағы банктердің мемлекеттік бағдарламаларды жүзеге асыруға сәтті қатысып отырғанын атап өткім келеді. Үдемелі индустриялық-инновациялық даму бағдарламасын іске асыруға 30 млрд. теңге бөлінді. «Бизнестің жол картасы» аясында 32 жоба қаржыландырылды. Ауыл шаруашылығын несиелеу көлемі артып келеді.

Еліміздің қаржы жүйесін нығайту үшін елеулі үлес қосқандардың еңбегі елеусіз қалмақ емес. Бұл салада көп жылдан бері аянбай еңбек етіп келетіндер жиында марапатталды. Облыс әкімі бір топ қаржы саласының қызметкеріне мерейтойлық медаль табыс етті. Облыс әкімінің құрмет грамоталары мен алғыс хаттары да өз иелерін тапты. Қаржы жүйесіндегі реформаларды жүзеге асыруға үлес қосқандарға сондай-ақ қаржы министрлігінің марапаттары табысталды. Бұл салада 25 жыл еңбек еткен Айсұлу Садырова “Қаржы жүйесінің үздігі” төсбелгісіне лайық деп табылған.

Айсұлу Садырова, СҚО бойынша салық департаменті бөлімінің бас маманы:
Еңбегімнің бағаланғанына өте қуаныштымын. Алда үлкен мақсат-міндеттер тұр. Оларды орындауға бар біліміміз бен күш-жігерімізді салатын боламыз.

Жиында осы саланың ардагерлеріне де қошемет көрсетілді.

Айымгүл Әбілева