Бизнес және экономика

Петропавлда ВТБ банкінің филиалы ашылды

 

 

 

“Тәуелсіздіктің 20 шыңы” аясында өңіріміздегі екінші деңгейлі 16 банктің қатары тағы бір қаржы институтымен толықты. ВТБ банкінің облыс орталығындағы филиалының ашылуы жергілікті тұрғындар үшін үлкен жаңалық. Жиылғандарды қуанышпен облыс әкімі Серік Біләлов құттықтады.

Серік Біләлов, СҚО әкімі:
-Ұлттық валютаның тұрақтылығы Қазақстан экономикасы дамуының басты белгісі болып табылады. Теңге ел тарихында тәуелсіздіктің экономикалық негізі рөлін атқаруда. Сіздерді сыртқы сауда банкі жаңа филиалының ашылуымен шын жүректен құттықтаймын. Бұл Қазақстанның басқа елдермен экономикалық қатынасында жаңа серпіліс береді деген сенімдемін.

Аймақ басшысы салтанатты түрде жаңа қаржы институты кеңсесінің таспасын кесті. Кейін кеңсені аралаған өңір жетекшісі қаржыгерлердің клиенттерге ұсынатын қызметтерімен таныс болды. 300 шаршы метр аумақты алып жатқан филиалдың жеке ғимаратында тұтынушыларға барлық жағдайлар жасалған. Корпоративтік клиенттерге қызмет көрсету аймақтары, кассалық тораптар, жеке кабиналар қарастырылыпты. Істерін дөңгелетем деген ірі кәсіпорындар, шағын және орта бизнес өкілдерін негізінен қызықтыратыны -тиімді несие алу. Қаржы институтының ұсынатын қызметтер кешені әр клиенттің талғамына сай құрылған.

Ольга Худиева, ВТБ Банкі АҚ ЕҰ басқарушы директоры:
-Солтүстік Қазақстан аймағының экономикалық өміріндегі маңызды оқиға – ВТБ (Қазақстан ) Банкінің филиалдары жүйесін дамыту стратегиясының соңғы нүктесі болды. Петропавл банктің филиалдары ашылған 17 қаланың бірі болып отыр. Осымен бүгінде Қазақстандағы аталмыш қаржы институтының 25 сату нүктесі өзінің әмбебап қызметін жеке және заңды тұлғаларға ұсына алады.

Есеп-кассалық, түрлі қаржыландыру, қашықтан қызмет көрсету жүйесі енгізілген. Сондай-ақ жылдам әрі сапалы несиелендірудің барлық түрі, ақша аударымдары, айырбас операциялары, жедел салымдар жасауға болады.

Ольга Худиева, ВТБ Банкі АҚ ЕҰ басқарушы директоры:
-Біз Солтүстік Қазақстан өңірінде жұмыс істеуге және клиенттерге жақын болуға қызығушылық танытып отырмыз. Петропавлда ашылған филиал жергілікті шағын және орта бизнес өкілдері мен қала тұрғындарына қолайлы әрі тиімді қызметтер ұсынады.

Құрметті демалысқа шыққан Валентина Коновалова банктің көмегіне жүгінген алғашқы солтүстікқазақстандық. Менеджермен кеңескен Валентина әжей зейнетақысының бір бөлігін банк ұсынатын депозиттердің біріне аударуды ұйғарып отыр.

Валентина Коновалова, зейнеткер:
-Қызметкерлері өте сыпайы, бәрін тәптіштеп түсіндіріп берді. Мұнда салған ақшам әжептәуір өседі екен. Немерелерімнің оқуына жинайтын боламын. Ұсынған қызметтері көңілімнен шықты.  

Петропавлдықтар қаржы институттарының өңірге келуі жақсылықтың нышаны дейді. Олар жаңа қызметіне кірісіп жатқан банк филиалының өңір экономикасының дамуына жұмыс жасайтынына сенімді.

Жеңіс Ермұқанов