Билік

Ардагерлерге мерекелік медальдар тапсырылды

 

 

 

Тәуелсіз Қазақстанның аяғына нық тұрып, өз егемендігін төрткүл дүниеге мойындатуында аға буынның атқарған еңбегі өлшеусіз. Ардагерлер өскелең ұрпақтың бойында патриоттық сезім ұялатып, елдің қоғамдық-саяси өмірінде белсенділік танытуда. Өңірімізде құрамына 90 мыңнан астам зейнеткер енген 600 бастауыш ардагерлер ұйымы жұмыс істейді.

Серік Біләлов, СҚО әкімі:
– Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев жыл сайынғы Жолдауында ардагерлер мен аға ұрпаққа үнемі қамқорлық көрсетуде. Халықтар арасында достық пен бірлікті сақтауда Сіздердің атқарған еңбектеріңіз зор. Болашақта да сіздер облысымыздың дамуына сүбелі үлес қосады деген сенімдемін.

Жиынның салтанатты рәсімінде дәстүр бойынша «Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігіне-20 жыл» мерекелік медальдары табысталды. Бұл марапатқа 28 солтүстікқазақстандық ардагер ие болды.   

Болат Сағындықов, облыстық ардагерлер кеңесінің жанындағы ақсақалдар алқасының төрағасы:
– Мен мұндай марапатқа ие болғаныма қуаныштымын. Ел тәуелсіздігінің 20 жылдығы баршамыз үшін ұлы той.

Облыс әкімінің құрмет грамоталары мен алғыс хаттары да өз иелерін тапты. Сондай-ақ бұл күні бастауыш ардагерлер ұйымының жұмысын жандандыру мақсатында ұйымдастырылған сайыстың қорытындысы жарияланды. Ардагерлердің бастауыш ұйымдары мен көркемөнерпаздар байқауында қызылжарлықтар бірінші орынды иеленді. Ал аудандық ұйымдар арасында жеңімпаз атану – Мамлют ауданына бұйырды.

Төлеген Омаров, Мамлют аудандық ардагерлер ұйымының төрағасы:
– Біз бұл сайыстың ұйымдастырылғанына қуаныштымыз. Мұндай байқаулар ардагерлер ұйымдарының жұмысын жандандырады деп ойлаймын.

Салтанатты жиын мемлекеттің іргетасын қалауға атсалысқан ардагерлерге алғыс ретінде жас буын әзірлеген концертке ұласты.

Инеш Шоқақова