Аптадағы маңызды жаңалықтар

Желтоқсанның алтысы – ҚР Прокуратурасының құрылғанына 20 жыл

 

 

Қазақстандық прокуратура органдары ел тәуелсіздігімен бірге қалыптасып, дамып келеді. Бұл жүйенің құрылғанына да биыл 20 жыл. Осы жылдар ішінде прокуратура органдары нығайып, бүгінгі күні елімізде қабылданған заңдардың орындалуын қадағалау қызметін тиісті деңгейде жүзеге асыруда. Сөйтіп, осы күні бұл жүйе қазіргі заманғы талаптарға толық сай келеді деп айтуға негіз бар.

Серік Біләлов, СҚО әкімі:
-Еліміздің ішкі тұрақтылығын сақтауда құқық қорғау органдары маңызды рөл атқарды. Мемлекет басшысы тарапынан құқық қорғау органдары қызметі тиімділігі заңды түрде қамтамасыз етілуде. Бұл бағытта бірталай жұмстар атқарылды. Біздің облысымызда прокуратура органдары жұмысын нығайту мақсатында материалдық-техникалық база жақсаруда. Жыл сайын бөлінетін қаржы көлемі ұлғаюда.

Үстіміздегі жылдың он бір айында ғана облыс прокурорлары 936 тексеріс жүргізіп, 28 мыңнан артық заңбұзушылық анықтаған. 763 млн. теңгенің шығыны өндіріліп алынған. Оның 342 млн-ы мемлекет қазынасына құйылды. Еңбекақы бойынша берешекті қайтару үшін бірталай жұмыс атқарылған. Прокурорлардың араласуымен 377 млн. теңге қарыз өтелген. Сөйтіп, азаматтардың бостандығы мен құқығын қорғау үшін қадағалаушы орган өкілдері аянбай еңбек етіп келеді. Ал бұл міндетті мінсіз атқарған үздік қызметкрелер бүгін марапатқа ие болды. Еліміздің өркендеуіне өз үлестерін қосқан прокурорларға облыс әкімі “ҚР тәуелсіздігіне 20 жыл” мерейтойлық медальдарын табыс етті. Облыс әкімінің құрмет грамоталары да өз иелерін тапты. Сондай-ақ салтанатты жиында үздік қызметі үшін қадағалау органының бір топ қызметкеріне “ҚР прокуратурасына 20 жыл” медальдары табысталды. Мерейтойлық марапаттың бірі облыс әкіміне де берілді.  Мінсіз қызметі үшін бірқатар қызметкерлердің шені жоғарылады. Ел тәуелсіздігіне жиырма жыл толып отырған уақытта алда маңызды міндеттер тұр дейді қадағалаушы орган өкілдері. Ал оларды орындауға прокурорлар әрқашан даяр. Жиында сондай-ақ облысымызда прокуратура органдарының құрылуы мен қалыптасу тарихынан  сыр шертетін жаңа кітаптың тұсауы кесілді.

 Айымгүл Әбілева