Балалар

Ел тәуелсіздігінің құрдастары Елордада бас қосты

 

 

Қазақ елі егемендігін жариялап, ақ түйенің қарны жарылған күні шыр етіп дүние есігін ашып тәуелсіз елдің топырағында өскен сәбилер бүгінде ел қажетіне жарар азамат болды. 20 жасаған Отанының түйдей құрдастары бас қала Астанада бас қосты. Егемен Қазақстанның жетістіктерімен бірге жетіліп өскен ұландар ел болашағы білімді де жігерлі жастардың қолында екенін жақсы түсінеді. Бүгінде осы  өскелең ұрпақ саяси қоғамдық шаралардан шет қалмайды. Сондықтан да жиында қаралған алғашқы мәселе –  2012-2015 жылдарға арналған жастар саясаты бағдарламасының қағидасы. Форумға қатысушылар көптеген салаларға заман талабына сай жаңашылдықтар енгізудің кезі жеткенін айтады. Қостанайлық делегат маман иесі бола тұра екі қолға бір күрек таба алмай жүрген жастардың мәселесін шешуді ұсынса, Қарағанды облысының салауатты өмір салтын ұстанушы жастары кенже қалып жатқан спорт түрлерін жандандыру керек дейді. Елорданың белсенділері өздері өтіп жүрген өндірістік тәжірибенің молырақ болғанын қалайды. Солтүстікқазақстандық студенттер ҰБТ жүйесін әлі жетілдіру керектігін ортаға салды. Жастарды толғандыратын мәселе аз емес екен. Пікір алмасушылар өскелең ұрпаққа қатысты құжаттарды жастардың қатысуынсыз қабылдау мүмкін еместігін айтады. Форумда көтерілген мәселелер мен ұсыныстар елеусіз қалмайды.

Сергей Белов, «Start-Ой  «Денсаулық»  секторының модераторы:
– Жастар республикалық бағдарламалардың қабылдануына үлес қосуы керек. Барлық ұсыныстарды біз қарайтын боламыз. Кейін тың ойларды жастар конгресі кеңесінің талқылауына жібереміз. Біршамасын жаңа бағдарламаларға қосатынына сенімдімін. Жастар жақсы ұсыныстар жасап жатыр.

Білімі мен күш-жігері ұштасқан 20 жасар қазақ елінің ұл-қыздары туған халқының баянды өмірі үшін еңбек етуге білек сыбана кірісуге әзір. Елінің ертеңіне немқұрайлық танытпай, дамуына үлес қосып жүргендер “Тәуелсіздіктің 20 шыңы” марафоны аясында “Жастар -2011” сыйақысымен марапатталды. Салтанатты жиынның жас қонақтары еліміздің спорт, мәдениет, ақпарат тарату, білім саларының белді өкілдерімен өнер жұлдыздарымен танысып, тілдесу мүмкіндігіне ие болды. Бұл жолы еңбектері республикалық деңгейде еленгендер 20 аталым бойынша анықталды. Бұл күні ерекше құрметке   «Арт Дала» жас шығармашылық тобы да бөленді. Он саусағынан өнер тамған дарынды бойжеткендер қобызбен тік тұрып ойнауға болатын “қоржынды” ойлап тауыпты.

  «Арт Дала» тобы:
-Бұл біздің алғашқы жүлдеміз. Соңғысы еместігіне кәміл сенеміз. Қазақ ұлттық аспаптарын жетілдіруге әлі еңбектенетін боламыз. Оны жүзеге асыру үшін бірнеше жаңа ойларымыз бар.  

«Жылдың үздік жас дәрігері» атағына солтүстікқазақстандық балалар хирургы Нұрлан Айманов  лайық деп танылды. Жерлесіміз атасының жолын қуып денсаулық саласының дамуына өз үлесін қосуды ұйғарыпты. Еліміздің белсенді жастарының басын қосқан форум олардың бүгінгі жетістіктерін нақтылап, жарқын болашаққа жоспар құрудың таптырмас жолы болғанын қатысушылар бір ауыздан құптап отыр.

Жеңіс Ермұқанов