Спорт

Спорт мұражайы

Мұражай ашу идеясын балалар мен жасөсіпірімдерге мамандандырылған «Жеңіс» спорт мектебінің директоры Виктор Лаврик ұсынған. Бүгін ол ойдағыдай жүзеге асты. Мұнда 40-ншы жылдардан бастап облысымыздың спортшылары  жеңіп алған жүлделер орын алған. Атап айтсақ, аймағымыздың намысын әлемдік деңгейде қорғап жүрген велошабандоз Александр Винокуровтың суреттері, киімдері мен диплом – кубоктарын көруге болады. Сондай – ақ Пекинде өткен 29 олимпиада ойындарының күміс жүлдегері дэю-дошы Асхат Житкеев сынды танымал спортшының марапаттары қойылған. Салтанатты шараға облыс әкімінің орынбасары Фархад Қуанғанов және спорт ардагерлері қатысып, спортшыларымыздың жетістіктерімен танысты.

Жамбыл Тасеменов, КСРО құрметті спорт шебері, Қазақстанның құрметті спорт қайраткері:

 

 -Мұражайдың бір қасиеті  спорттың әрбір түрінің тарихы көрсетілген.Меніңше, бұл болашақта әлі де тола береді. Біздің олимпиадаға қатысқан балалармен, әлем чемпионатының жастарымен. Сондықтан бұл болашақта  тәрбие жұмысында үлесі зор деп ойлаймын.

Осы күні Тәуелсіздіктің 20 жылдығына арналған мектеп оқушыларының облыстық қысқы «Ақшақар» спартакиадасы өз жалауын көтерді. Жарысқа қатысушыларға облыс әкімінің орынбасары Фархад Қуанғанов сәттілік тіледі.

Фархад Қуанғанов, СҚО әкімінің орынбасары:

-Облыстық қысқы “Ақшақар” спартакиадасының ашылуымен шын жүректен құттықтаймын.Мектеп оқушыларының спартакиадасы күштілік пен ептілік, шыдамдылық пен әдемілікті нығайтатын үлкен мереке.

“Ақшақар” спартакиадасында бұқаралық спортты дамытып, дене тәрбиесіне баса назар аударып отырған облыстық білім беру басқармасы, сондай – ақ бірнеше мектеп ұжымдары алтын белгімен марапатталды. Бірқатар мектеп ұжымдары “Жастар” спартакиасында жақсы көрсеткішке қол жеткізгені үшін диплом және кубоктарға ие болды. Айтулы басқосуда Тәуелсіздігіміздің 20 жылдығы қарсаңында кәсіптік лицей оқушыларының арасында өткен облыстық «Жас сұңқар» спартакиадасының қорытындысы да шығарылды. Аталмыш сайыста Тайынша  ауданының №15 кәсіптік лицейі үштікті түйіндеп, марапатқа ие болды.

Бахыт Жақыпова,  №15 КЛ директоры:

-Бүгінгі күні біз барлық спорттық жарыстарға қатысып, жүлделі орындарға ие болып жатырмыз.Бүкіл біздің жеңісімізді Тәуелсіздіктің 20 жылдығына арнаймыз.

Дәстүрлі «Ақшақар» спартакиадасына барлық аудандар мен қала командалары қатысуда. Оның қатарында мектеп оқушылары, колледж және лицейлер. Барлығы 300 – ге тарта жеткіншек спорттың  9 түрінен сынға түседі.

Сандуғаш Мұхатаева, СҚО дене тәрбиесі және АӘД өңірлік оқу әдістемелік орталығының маманы:

-Осы спартакиаданың тоғыз түрі өткеннен кейін республикалық жарыстарға жолдама алынады. Сол республикада Қазақстанның жас спортшылары арасында өз намысын қорғайды деп ойлаймыз біздің облыстың спортшылары.

Үшкүндік жарыс қорытындысы бойынша мықты деген командалар диплом және сыйлықтармен марапатталады.

Жандос Наурызбаев