Бизнес және экономика

Өңірімізде тағы бір сүт кешені іске қосылды

 

 

“Зенченко және компания” командиттік серіктестігінде 700-ден астам ауылдықты тұрақты табыс көзімен қамтыған 3 мал шаруашылығы кешені жұмыс істеп тұр. Шаруашылықтың іргесі кеңейтіліп, Новоалександровка селосында енді бір сүт фермасы ашылды. Аймақ басшысы Серік Біләлов заманауи кешенді іске қосты. 400 бас қара малға шақталған бұл жерде жергілікті асылдандырылған ала сиырлар өсірілетін болады. Тайыншалар қыстап шығатын, төлдейтін, жетілгенше бұзауларды күтіп бағатын сауын қоралары мен ветеринарлық бақылау орны салыныпты. Зеңгі баба төлдері еркін өсіліп жетілу үшін байлаусыз қойылған.

Геннадий Зенченко, “Зенченко және компания” КС атқарушы директоры:
– Ең алғашқы кешенімізді тұрғызып, шетелден асыл тұқымды қара мал сатып алу үшін 8 млн 700 мың АҚШ доларын жұмсадық. Ал бұл сүт фермасы бар болғаны 600 мың долларға түсті. Бұндай үнемдеу ескі базаларды қалпына келтіріп, жаңартудың арқасында мүмкін болып отыр, бұл өте тиімді. Осылайша әрбір адам жасай алады. Ауылшаруашылығын дамыту үшін жол ашық. Үкімет тарапынан үлкен қолдау жасалады. Бізден қажеті тек аянбай еңбек ету.

Украиндық сауын аппараты орнатылған фермада бір мезетте 24 сиыр сауылады. Айналмалы заманауи құрылғы толықтай автоматтандырылған. Әлия Елеусізова ел тәуелсіздігін алғалы сауыншы қызметінде жүр. Мал шаруашылығы бастан кешкен жаңашылықтардың куәсі болған ол бүгінде жаңа сауын аппаратының қызығын көруде.

Әлия Елеусізова, сауу қондырғысының операторы:
Бұрын сиыр сауғанда бөшкелермен сауатынбыз. Көтеру, апару өте қиын болды. Қазір Украинадан әкелінген аппаратурамен жұмыс істеу жеңіл. Бәрін саусақпен басып істейміз. Жұмысымыздың орны таза, жылы.  

Сауылған сүт бірден арнайы тазалағыш құбырмен сүзіліп, салқындатқыш бөшкеге жеткізіледі.

Серік Біләлов, СҚО әкімі:
– Қазіргі уақытта ел басы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың тапсырмасы бойынша ауыл шаруашылығын көтеруге көп жұмыстар істелініп жатыр. Тәуелсіздігіміздің 20 жылдығы қарсаңында біз облыс бойынша 14 комплекс  аштық,  осы жылы  9 мың қара мал облысқа әкелдік.  

Оның 2 мыңнан артығы шетелдік симментал тұқымды жоғары өнімді қара мал. Кейін өңір жетекшісі Новоалександровка ауылының тұрғындарымен кездесіп,  бүгінгі тыныс-тіршіліктерін сұрап білді. Облыс әкімі Серік Біләлов пен Геннадий Зенченко мектеп ұжымына сыйлықтар тарту етті.

Біздің  ауылымызда база ашылып отыр. Ол оңды болды. Жастар жұмыс істесін. Келе жатқан тәуелсіздігіміздің 20 жылдығы құтты болсын. Еліміз аман, жұртымыз тыныш болсын.
Ауылымыз күнненкүнге гүлденуде. Ең бастысы жұмыссыз отырғандар жоқ. Мектебіміз, мәдениет үйі, дәрігерлік амбулатория, кітапхана, қоғамдық моншамыз жұмыс істейді.  

325 тұрғыны бар ауыл қысқа отын-шөптерін әзірлеп қойыпты. Таза ауыз су желісі тартылған. Қоғамдық көліктер қатынайды. Көшелері жарықтандырылған. Новоалександровтықтар осындай жетістіктермен тәуелсіздіктің 20 жылдығын қарсы алып отыр.

 Жеңіс Ермұқанов