Билік

Облыстың белгілі спортшыларына құрмет көрсетілді

 

 

 

Президент соңғы жолдауында қазақстандықтардың кемінде 30 пайызын бұқаралық спортқа тартуды жүктеген болатын. Былтыр өңірдің майталман спортшылары Азия, Әлем біріншіліктерінен 24 алқа еншілепті. Ел тәуелсіздігін алған жылы Ұлттық құрама сапында 11 жерлесіміз ғана болса, биыл көк тудың астында 259 солтүстікқазақстандық бақтары мен баптарын сынап жүр.

Серік Біләлов, СҚО әкімі:
-ҚР Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың  халыққа жолдауында спорт және денсаулық мәселесі басты назарда.
Бүгінгі жетістіктеріміз соның нәтижесі. Тәуелсіздік жылдары бірталай спортшыларымыз Қазақстанның атын әлемге танытты. Солардың арасында біздің жерлестеріміз де бар. Ел намысын қорғаған спортшыларымыз үлкен құрметке лайық.

Туған елінің намысын әлемдік ареналарда қорғап жүрген спортшылар мен оларды түрлі дәрежедегі додаларға үкілейтін бапкерлер өңір жетекшісінің қолынан “Тәуелсіздікке 20 жыл” мерейтойлық медальдарын алды. Өңірімізде салауатты өмір салтын қалыптастыруға сүбелі үлес қосқан бірқатар солтүстікқазақстандық спорт жанашырлары облыс әкімінің құрмет грамоталары мен алғыс хаттарына ие болды. ҚР Туризм және спорт министірлігінің марапаттары да өз иелерін тапты. Сондай-ақ салтанатты жиында бірталай өңір спортшысына спорт шебері талаптарын орындағанын дәлелдейтін кеуде белгілері мен куәліктер табысталды. Тынымсыз жаттығулары ақталғандардың қатарында биылғы ел деңгейіндегі универсиаданың гір көтеруден жеңімпазы Бауыржан Баяхметов те бар. Нағыз ерлердің спортын таңдаған 21 жасар жерлесіміз соңғы додасында 32 келілік қос гірді 45 мәрте жұлқа және серпе көтеріпті. Салтанатты жиын соңында өңіріміздің үздік деген спорт мектептерінің тәрбиеленушілері оқу-жаттықтыруларынан үзінді көрсетті.

Жеңіс Ермұқанов