Билік

Кикбоксшылар марапатталды

 

 

 

Солтүстікқазақстандық спортшылар жиырма жылдық мерейтойға лайықты тарту жасады. Ирландияда кикбоксингтен өткен әлем чемпионатында жерлестеріміз ел абыройын асқақтатып қайтты. Байрақты додада халықаралық дәрежедегі спорт шеберлері Самат Қадырбеков – алтын алқа, Азамат Нұрпейісов қола медаль жеңіп алды. Бұл жеңіспен спортшыларды облыс әкімі Серік Біләлов құттықтады.

Серік Біләлов,  СҚО әкімі:
-Бүгін біз тәуелсіздіктің жиырма жылдығы қарсаңында кикбоксингтен әлем чемпионатына қатысқан жерлестерімізді құттықтауға жиналып отырмыз. Спорттағы жетістіктеріміз мұнымен тоқтамай, одан әрі жалғасын табады деген сенімдемін. Спортшыларымыз бұдан да биік жетістіктерге жетулеріне тілектеспіз.

Облыс әкімі спортшыларға құрмет грамоталары мен ақшалай сыйлық табыс етті. Өз кезегінде кикбоксшылар өңір басшысына алғыстарын жеткізді.
Спортшылар алдағы уақытта да әлемдік дәрежедегі спорттық сайыстарда қазақ елі әнұранының орындалып, көк туымыздың желбіреуі үшін бар күштерін салуға әзір.

Самат Қадырбеков,  кикбоксингтен әлем чемпионы:
– Облыс әкімі спортты дамытуға үлкен көңіл бөледі. Спортшыларға бар мүмкіндік жасалып жатыр. Алдағы уақытта да халықаралық додаларда ел абыройын асқақтату үшін аянбай еңбек ететін боламыз.

Азамат Нұрпейісов, кикбоксингтен әлем чемпионатының жүлдегері:
– Бұл біздің ғана жеңісіміз емес, бапкерлеріміздің еңбегі орасан. Алдағы уақытта бұдан да үлкен жетістіктерге жету үшін бар күшімізді салатын боламыз.

Облыс әкімі келесі жылы спортшыларға пәтер беру мәселесі қарастырылатынын жеткізді.

Айымгүл Әбілева