Қоғам

Ғылыми жетістіктер көрмесі

 

 

 

Қазақстанның 20 жыл ішінде қол жеткізген жетістіктерін отандық ғылымның дамуынан айқын аңғаруға болады. Солтүстікқазақстандық ғалымдар да бұл өзгерістерден шетте қалған емес. Көрмеде өңірдегі өндірістік кәсіпорындар мен ғылыми-зерттеу институттарының тың жобалары ұсынылды. Инновациялық технологиялар көрмесін облыс әкімінің орынбасары Фархад Қуанғанов ашты.

Фархад Қуанғанов, СҚО әкімінің орынбасары:

– Алдағы онжылдықта елімізде үдемелі индустриялық-инновациялық дамуға ерекше көңіл бөлінбек. Бұл тұста өндірістік кәсіпорындардың атқаратын қызметі аса маңызды. Биыл өңірімізде мұнай өндірісі саласына қажетті машина жасаудың құрастырушылық бюросы жұмыс істей бастады. Ғылымның дамуына барлық жағдай жасалуда.

Көрмеде білім беру саласындағы тың жобаларды да көруге болады. №13 орта мектепте 1999 жылдан бастап,  инклюзивті білім беру жүйесі қолданылады. Бұл жарымжан балалардың өзге құрдастарымен бірдей оқып-жетілуіне жол ашып отыр.
 

Сәлімхан Сәбитов, М.Қозыбаев атындағы СҚМУ студенті:
– Мен осы мектепте оқыдым. Бұл жоба мен сияқты мүгедек балаларға өзгелермен қатар білім алуға мүмкіндік береді.  

Ал тапқыр жерлестеріміздің жаңашылдықтары көрмені тамашалаушылар үшін ерекше қызықты болды. Техника ғылымдарының кандидаты Валентин Бондарев велосипед жасау кезінде аз шығынданудың тәсілін ойлап тауыпты. Ол әдіс жайлы өнертапқыш мақтанышпен айтып берді.

Валентин Бондарев, техника ғылымдарының кандидаты, доцент:
Велосипедтің рамасын 2 темірден жасадым. Олар артқы доңғалақтың тірек сымдары қызметін орындайды. Соның арқасында мұндай қозғалыс құралын жасау аз шығынданып, қосымша құралдарды қолдануды қажет етпейді.

Сандық телевизияға арналған спутниктік қабылдағыштар, теміржол жүк вагондарының өндірісі мен өсімдіктерді баптаудың жаңа технологиялары. Ұйымдастырушылар ғылым саласындағы мұндай көрме өңіріміздегі инновациялық жобаларға инвесторлардың қызығушылығын арттыратынына сенімді.

Инеш Шоқақова