Әр түрлі

Желтоқсандағы ауа райы

 

 

 

Желтоқсан – қыстың алғашқы айы және жылдың соңы. Қылышын сүйретіп келетін қыстың қалай болатыны әркімді алаңдататыны белгілі. Дегенмен ауа райын болжау орталығының мамандары бұл айда қалыпты ауа температурасы сақталады дейді. Сынап бағанасы -12-15 градус шамасында тұрақтайды.

Талғат Жұманов, СҚО гидометеорология орталығының инженер-синоптигі:
– Бірінші онкүндікте ауаның температурасы түнде 10-15, кей жерлерде 20 градус аяз болады. Күндіз ауаның температурасы 5-10, кей жерлерде 13 градусқа дейін аяз болады.

Қыстағы қар – жер ырысы. Жауын-шашынның мөлшерден көптігі алдағы жаздың берекелі болатындығын аңғартса керек. Сондай-ақ айдың алғашқы жартысы мен екінші онкүндігінде боран соғып, қар жауады.

Талғат Жұманов, СҚО гидометеорология орталығының инженер-синоптигі:
– Айдың соңғы онкүндігінде ауаның температурасы түнде 20-25, кей жерлерде аяз күшейіп, 30-градусқа дейін төмендеуі мүмкін. Күндіз ауа райы 10-15, кей жерлерде 20 градус аяз болады.

Тарихқа көз жүгіртсек, қыстың ең суық күні 1968 жылы 8 желтоқсанда тіркелген. Онда ауа райы минус 43,6 градусты көрсеткен. “Жаңа айдан – жақсылық” демекші, мерекеге толы желтоқсан айы халқымызға қолайлы әрі жайлы болмақ.