Бизнес және экономика

Сүт өнімдерінің жаңа қаптамасы

Бұл жерде сүт өнімдерін буып-түюдің тың тәсілі игеріле бастапты. Өнімді микробтан сақтау механизмі арқылы орамдайтын бұл құрылғының елімізде теңдесі жоқ. Оны кәсіпорын ауылшаруашылығы өнімін шығарушыларды қолдаудың мемлекеттік бағдарламасы аясында Санкт-Петербург қаласынан алған екен. Арнайы тапсырыс бойынша әзірленген құрылғыны сүт өндірісіндегі бір адым алға жылжу десе де болады. Енді “Сүт Одағы” 10,20 литрлік көпқатпарлы қаптармен өнімді балабақша, мектеп, аурухана  сияқты мекемелерге жеткізе алады. Заманауи орам өнімді ұзақ мерзім бойы сақтауға мүмкіндік береді.

Наталья Федотова,  “Сүт Одағы” ЖШС сүт цехының бастығы:
– Жаңа құрылғының мүмкіндігі өте зор. Бұған дейін шелекте сүт пен қаймақ 72 сағат сақталса, енді сүт -20, ал қаймақ – 15 тәулік бойы сақталмақ. Бұл өте тиімді болып отыр.

Енді сүт пен қаймақты жеткізу мерзімі де өзгерді. Мәселен қазір тапсырыс берушіге өнімді аптасына 1 рет апару жеткілікті. Әрине, арнайы орам мен ерекше буып-түю тәсілінің арқасында.

Станислав Долгушин, “Сүт Одағы” ЖШС жұмысшысы:
– Алдымен орамды бумен өңдеп, сүтті немесе қаймақты құямыз. Орамды жапқаннан кейін де тағы бір мәрте бумен өңдейміз. Бұл үрдіс өнімді микробтардан сақтандыруға септеседі.

Кейін дайын өнім тоңазытқыш камерасына жеткізіледі. Мұндай қаптар қоймада аз орын алады. Соның арқасында электр энергиясын үнемдеуге мүмкіндік беріп отыр. Бұл жерде айына 10 тонна сүт пен қаймақ орамдалады. Кәсіпорындағылар өндіріс көлемін ұлғайтуға әзір.

 

Инеш Шоқақова