Білім

“Тәуелсіздік- елдік тұғыры”

 

 

 

Виктория Новицкая Тайынша ауданындағы Келлеровка орта мектебінің қазақ тілі пәнінің мұғалімі. 2-ші санатты ұстаздың басқа ұлт өкілдеріне мемлекеттік тілді меңгертіп жүргеніне 8 жыл болыпты.

Виктория Новицкая, Тайынша ауданындағы Келлеровка орта мектебінің қазақ тілі пәнінің мұғалімі :
– Оқушыларым қазақ тілін жетік меңгеру үшін сабақтарымда соңғы үлгідегі әдіс, тәсілдерді пайдаланамын. Ел басымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев қазақ халқының болашағы – қазақ тілінде деп тілді үйренудің маңыздылығын атап өтті. Сондықтан да меніңше біз Қазақстанда тұратын барлық халық қазақ тілінің өркендеуіне, күнделікті қолданысқа енуіне күш-жігерімізді аямай, үлес қосуымыз керек.  

Дөңгелек үстелге жиналған Виктория сынды тіл жанашырлары өңірімізде мемлекеттік тіл мәртебесін көтеру тақырыбында тың ойларымен бөлісті. Елбасы соңғы жолдауында үш тұғырлы тіл саясатына аса мән берді. 2020 жылға дейін мектеп түлектерінің жүз пайызы мемлекеттік тілді біліп шығады. Әсіресе жалпы алдағы он жылда қазақстандықтардың 95 пайызының тілін қазақшаға сындыру керектігін баса айтты.

Әсем Сүлейменова, тілдерді дамыту басқармасының бөлім бастығы:
– Шараның мақсаты – мемлекеттік тілдің қолдану аясын кеңейту, қазақ тілін жетік меңгерген өзге ұлт өкілдеріне қолдау көрсету. Елбасы жүктеген міндет – халықтың  95 пайызын қазақша сөйлетуге өз үлесімізді қосу.  

М.Қозыбаев атындағы СҚМУ тіл және әдебиет институтының студенттері Анастасия Софронова мен Диана Мелихованың қазақшасы судай. Мемлекеттік тілді еркін меңгеріп алған орыс қыздары түрлі қазақ тілі байқауларында өңір намысын асқақтатып жүр.

Анастасия Софронова, М.Қозыбаев атындағы СҚМУ студенті:
-Мен қазақ тілін оқуға бірінші сыныптан құлшыныс танытудамын. Әр қазақстандықтың парызы – мемлекеттік тілді білу. Астанада өткен Ассамблея  жиынында қазақшаға не үшін үйреніп жатқанымды айттым. Мемлекеттік білді білу менің болашағым деп санаймын.
Диана Мелихова, М.Қозыбаев атындағы СҚМУ студенті:
– Қазақ тіліндегі білімімді тереңдету үшін тіл және әдебиет институтына оқуға түстім. Кейін диплом алып, өзімнің туған Тайынша ауданында қазақ тілінің аясын кеңейтуге үлес қосқым келеді.  

Жиынға қатысушылар қазақ тілі болашақтың тілі, оны Қазақстанды мекендейтін барлық ұлт өкілдері білуі керек деп тарқасты.

Жеңіс Ермұқанов