Билік

Кәсіпкерлерді мемлекеттік қолдау

Жиында сөз болған басты мәселе – өз кәсібін өрге домалатуға ниетті кәсіпкерлерге мемлекет тарапынан қолдау көрсету. Қазіргі таңда елімізде шағын және орта бизнесті дамыту бойынша кең ауқымды жобалар іске асырылуда. Сондықтан кәсіпкерлікті дамытуға мүмкіндік мол.

Серік Бәләлов, СҚО әкімі:
– ҚР Президенті Н.Ә.Назарбаев  Дүниежүзілік банктің 2010 жылғы баяндамасында Қазақстан бизнес мүддесі үшін реформа жүргізу бойынша алда деп танылған деген болатын. Елбасы Қазақстанда бизнесті дамыту бағытында айқындаған мақсаттарына жетуге облысымызда бірталай жұмыстар атқарылуда.

Үстіміздегі жылы тек «Бизнестің жол картасы – 2020» бағдарламасының аясында ғана 33 несие бойынша жергілікті кәсіпкерлерге қолдау көрсетіліпті. Сондай-ақ өз ісін енді бастаған 480-нен астам азаматқа менеджмент және сапа жүйесін енгізу, салық есебі мен заңгерлік қызметтер сынды сауалдар төңірегінде кеңес берілген. Жиында еліміздегі жүйеқұрушы кәсіпорындардың сатып алатын тауарлар, жұмыс пен қызмет түріндегі қазақстандық мазмұнды арттыру 2010-2014 жылдарға арналған бағдарламасының басым бағыттары талқыланды.

Серік Кәмелі, ҚР Индустрия және жаңа технологиялар министрлігінің қазақстандық қамтуды дамыту департаментінің директоры:
-Бұл бағдарламаның мақсаты – отандық өндірісті дамытуға жағдай жасау, тауарлар мен қызмет көрсетудің бәсекеге қабілеттілігін арттыру болып табылады. Сондай-ақ оларды ішкі нарыққа шығаруда аса маңызды мәселелердің бірі. Ал бұл мақсатқа жету үшін алдымен отандық өндірістің дамуының жолдары мен өндірістің осал тұстарын саралау қажет.

Мұны солтүстікқазақстандықтар да қолдап отыр. Өйткені өндіріс материалдарының шет елден жеткізілуі сирек кездесетін жағдай емес дейді жиынға қатысушылар.

Қайрат Бектұргенев, «Жергілікті үлесті дамыту жөніндегі ұлттық агенттік» АҚ басқарма төрағасының орынбасары:
– Солтүстік Қазақстан облысында 4 жүйеқұраушы кәсіпорын жұмыс істейді. Олар биыл құны 2,7 млрд теңгеге тауарлар мен қызмет түрлерін сатып алған.

Өз өнімін экспорттайтын орта және ірі бизнес субъектілерімен қатар облыс көлемінде шағын кәсіпорындар да жұмыс істейді. Олар үшін «Даму» шағын кәсіпкерлікті дамыту қоры мен 2-ші деңгейдегі банк филиалдарының несиелері демеу болып отыр. Жиынның салтанатты рәсімінде «Бизнестің жол картасы -2020» бағдарламасы аясында кәсіпкерлермен белсенді жұмыс жүргізген банктерге облыс әкімінің алғыс хаттары табыс етілді. Өңір экономикасын дамыту бағытында қыруар шаруа тындырған кәсіпорындардың жұмысы да назардан тыс қалмады. Елімізде қымыз өндірісін алғаш болып қолға алған «Арқалық» шаруа қожалығының басшысы да облыс әкімінің марапатына ие болды.

Нағашыбай Барлыбаев, «Арқалық» шаруа қожалығының басшысы:
– Бүгін облыс әкімінің алғыс хатын алғанымызға қуаныштымыз. Бізде де кәсіпкерлікті дамытуға өз үлесімізді қосудамыз деп ойлаймын.

Инеш Шоқақова