Білім

Ел тәуелсіздігімен құрдас мектеп

20 жыл бұрын Петропавлда №17 орта мектеп бой көтерген болатын. 7 жылдан кейін білім ордасының жанынан ұлттық өркендеу мектебі құрылды. Осы мерейтойға арналған көрмеден 20 жылдық жұмыстың жемісін көруге болады. Мұның барлығын оқушылар өз қолымен жасаған. Қала әкімі Нұржан Әшімбетов жиылғандарды оқу ошағының мерейтойымен құттықтап, өңір басшысы Серік Біләловтың атынан сыйлық табыс етті.

Нұржан Әшімбетов, Петропавл қаласының әкімі:
-Қазақстан әлемге көпұлтты халқының бірлігімен танылды. Сондықтан да ұлттық өркендеу мектебі баршамызға үлгі болып табылады. Сондықтан да облыс әкімі Серік Біләловтың атынан №17 мектепке шағын автобус сыйлауға рұқсат етіңіздер.

Мектеп оқушылары түрлі сайыстар мен фестивальдерге белсенді қатысады. Сондықтан да автокөлік олар үшін көптен аңсаған сый еді.
20 жыл ішінде білім шаңырағы 1300 түлекті ұясынан ұшырған екен. Олардың үшеуі «Алтын белгі» иегері болса, 27-сі үздік аттестатқа ие болған.

Ганира Гандалиева, №17 ұлттық өркендеу мектеп-кешені директорының оқу-тәрбие ісі жөніндегі орынбасары:

 

-Біздің түлектеріміз жақын және алыс шетелдерде білім алу мүмкіндігіне ие. Поляк бөлімшесінің 24 оқушысы бүгінде Польшада тәлім алуда. Әзірбайжан бөлімінің 7 шәкірті Әзербайжанда, 10 түлегіміз Германияда, 2-уі Израильде, 1-уі Украинада және тағы екеуі Белорусь елінде білім алуда.

Мұндай жетістікке қол жеткізуде ұстаздар ұжымының септігі мол. Бүгінгі күні мектеп қабырғасында 66 мұғалім және ұлттық бөлімшенің 18 педагогы еңбек етуде. Жадыра Қазиева — тәуелсіз елдің құрдасы. М.Жұмабаев атындағы гуманитарлық-педагогикалық колледжді тәмамдаған бойжеткен бұл мектепке қазақ тілі және әдебиеті пәнінің оқытушысы болып орналасыпты.

Жадыра Қазиева, №17 ұлттық өркендеу мектеп-кешенінің қазақ бөлімшесінің мұғалімі:
– Осы мектеп маған өте қатты ұнайды. Бұл мектептің басқа мектептерден ерекшелігі көп ұлттардың оқуында. Бұл мектепте ата-бабаларымның салт-дәстүрі сонымен қатар басқа елдердің де салт-дәстүрін, әдебиетін, мәдениетін біліп тануға болады.

Қазіргі таңда №17 ұлттық өркендеу мектеп-кешенінде 1062 оқушы білім алуда. Ал 11 ұлттық бөлімше өскелең ұрпаққа өз халқының мәдениеті мен салт-дәстүрін ұмытпауына септеседі.

Кёнуль Микаилова, әзербайжан бөлімшесінің оқушысы:
-Өз тілімді, мәдениетімді үйрену ұнайды. Болашақта Әзербайжанға барып, оқығым келеді. Осында білген-түйгенім көмек болатынына сенімдімін
Олег Девяткин, 4 сынып оқушысы:
-Бұл мектепте түрлі ұлттың әнін айтып, биін билеп, мәдениетін тануға болады. Өте жақсы мектеп.

№17 ұлттық өркендеу мектеп-кешенінің ұжымы ел тәуелсіздігі мерекесін бір шаңырақ астындағы үлкен жанұядай бірге атап өтеді екен.

Айдана Демесінова