Мәдениет

Әзіл-қалжың мерекесі

«20 жұлдызды күн» аясында ұйымдастырылған ширек финал ойынында қала мектептері мен колледж студенттерінен жасақталған командалар бақ сынасты. Барлығы 16 команда әзіл сүйер қауымға өз өнерлерін паш етті. Білім ордаларының үмітін арқалап келген командалар сахна төрінде өмірдің ащы шындығын көрермен қауымға астарлы әзілдері арқылы жеткізбек.

Ерлік Мұхамеджанов, «Қазақстан КТК Одағы» республикалық жастар қоғамдық бірлестігі СҚОФ жетекшісі:

 

-Бүгінгі ойын қорытындысы бойынша келесі айналымға оқушылар арасынан 7 құрама, ал студенттерден 6 құрама шығады.

Келген әзілкештер көпшіліктін көңілінен шығуға тырысуда. Алғашқы болып өз өнерлерімен көрермен назарын жаулауға қалалық мектеп-гимназияның «Алты Алаш» құрамасы тырысты.  
 
 Мұхаммед Әбілдин, «Алты Алаш» құрамасының капитаны:

-Бүгінгі күні Қазақша КВН ойыны жақсы дамып келеді. Осы ойынға қатысып жатырмыз. Біз ел патриоттарамыз. Барлық жерлестерімді тәуелсіздік мерекесімен құттықтаймын.

Олжас Қиянатов, «Алты Алаш» құрамасының мүшесі:

-Дайындықтарымыз жаман емес. Және де қарсыластарымыз да осал емес.Осы КВН-да жеңіске жетіп, жартылай финалға шығамыз деген сенімдемін.

Құрамалар А және Б топшаларына бөлінген. Әрбір команда белгіленген уақыт бойынша өнерлерін ортаға салуда.

Асқар Сейпілмәлік, “Жастар” құрамасының капитаны:

-Бүгінгі күні біз қазақша КВН ойынына Қожаберген жырау атындағы мектептің атынан келіп отырмыз.Дайындықтарымыз жақсы. Осыған дейін көптеген ойындарға қатысып, жүлделі орындар алған болатынбыз.Бұл жолы да бірінші орын алуға тырысамыз.

Бұл күнде жастардың қызығып ойнайтын, көпшіліктің тамсана тамашалайтын ойындарының бірегейі – қазақша КВН. Оның басты себебі –көңілді тапқырлардың  өз шығармашылығына өмірдегі, саясаттағы, жалпы қоғамда болып жатқан құбылыстарды өзек етуінде және де халықтың заманауи талаптарына сай болуында.

Жанат Мұхамеджанов, СҚО мемлекеттік тілді оқыту орталығының директоры:

-Мерекенің алдында мерекелік көңіл күй сыйлауға тырысып жатыр. Қазақша КВН ойындары арқылы оқушылар өздерінің сөздік қорларын толықтырып, бос уақыттарын тиімді өткізеді. Бүгінде қазақша КВН ойындарын өткізу жақсы үрдіске айналып отыр. Қазақша КВН мемлекеттік тілді дамытуға да айтарлықтай үлес қосуда.

Сайыс «Бес жаңалық», «Сәлемдесу», «Ширату» және «Дыбыстау» сияқты кезеңдерден тұрды. Қатысушы командалар осы турларда берілген тақырыптардан сүрінбей өтіп, тамаша ойын көрсетті.

Жандос Наурызбаев