Балалар

Жас қаламгерлер жиыны

 

 

Фестиваль барлық аудандардың жас қаламгерлерін жиды. Олар өз ойларын қағаз бетіне түсіруді әдетке айналдырған. Ақжар ауданынан келген болашақ тілшілер Ақнұр мен Зәмзәгүл өз мектептеріндегі ай сайын жарық көретін газетті шығаруға атсалысады екен. Бұл сүйікті істерін қыздар болашақта да жалғастыруға ниетті.

Ақнұр Қайырбек, Зәмзәгүл Сапарбек, байқауға қатысушылар:
«Жас қаламгер» сайысы болмай тұрып, оқушылардың мақалаларын жинастырдық. Ең жақсыларын осы газетте жарияладық. Негізінен мақалалар тәуелсіздіктің 20 жылдығына байланысты жазылған.

Фестивальге қатысушылар жиылғандарды өздерінің білім ошақтарындағы баспасөз клубтарының жұмысымен таныстырды. Сондай-ақ мектептің күнделікті тыныс-тіршілігін назардан тыс қалдырмайтын газеттердің маңыздылығы да айтылды. Бұл байқауда қатысушылардың өз ойын шебер жеткізуі мен жазу қабілеті сыналмақ.

Ақмарал Жанғалиева, «Молодежная – Жастар» газеті бас редакторының орынбасары:
Газет болғандықтан мақалаларды жазу стиліне қарайтын боламыз. Жоғары деңгейде болса да, басты талаптар сақталуы тиіс.   Алдағы уақытта бұл жастардың  журналистикаға деген ынтасын арттырады деп ойлаймын.

Ал ең басты мақсат – жас қаламгерлердің қоғамдағы өзгерістер мен жаңашылдықтардан шет қалмай, оқиғалар ортасында болуға деген қызығушылықтарын арттыру дейді ұйымдастырушылар.  

 
Инеш Шоқақова