Денсаулық сақтау

Остеопороздың алдын алу

Остеопороз – Қазақстанда белең алған аурулардың бірі. Бұл дерт көбіне нәзік жандар арасында кең тараған екен. Мамандардың айтуынша, 50-ден асқан әрбір 10 әйелдің төртеуі осы індеттен зардап шегетін көрінеді. Сондықтан да остеопороздың алдын алу мәселесі басты назарда. Осыған орай үстіміздегі жылы «Остеопороз профилактикасының кешенді бағдарламасының әзірлемесі» атты жоба жүзеге асуда. Жоба аясында еліміздің 12 аймағында зерттеу жұмыстары жүргізіліпті. Арнайы топ остеопороздың белгілерін анықтайтын денситометр құрылғысымен Солтүстік Қазақстан облысына да ат басын тіреді

Осы акция аясында жерлестерімізге денситометр құрылғысы арқылы тексерілуге мүмкіндік туды. Тексерістің нәтижесін бұл жабдықтың мониторынан көруге болады
Остеопороз ауруы – облысымызда ғана емес, әлемдік деңгейдегі өзекті мәселелердің бірі. Сырқатқа шалдықпас үшін балалық шақтан дұрыс тамақтану керек дейді мамандар.  

Артем Колесник:
Ең алдымен дұрыс тамақтану керек. Көбіне сүт және құрамында кальций бар тағамдарды пайдаланған дұрыс.  

Арнайы топ өңірімізге 4 күндік жұмыс сапарымен келген болатын. Осы уақыт аралығында 285 солтүстікқазақстандық тексерістен өтіп үлгерді.

Гүлжан Ғабдулина, остеопороз дәрігерлері қауымдастығының президенті :
– Бұл акция Солтүстік Қазақстан облысында алғаш рет ұйымдастырылып отыр. Петропавл қаласының 4 емдеу мекемесі мен Қызылжар ауданында азаматтарды тексерістен тегін өткіземіз.  

Айта кету керек, сүйек сынбайынша, сырқаттың ешбір белгілері көзге көрінбейді. Сондықтан болар, оны «жасырын дерт» деп те атайды екен. Оны анықтау үшін тек арнайы диагностикалық аппараттардың көмегіне жүгіну қажет. Ал ондай құрылғылардың саны елімізде жеткіліксіз. Құны 20 мың долларға жуық аппарат біздің өңірімізде жоқ екен.

Айдана Демесінова