Спорт

Кикбоксшылар ел намысын асқақтатты

 

Ел тәуелсіздігінің 20 жылдығында Израиль жерінде ҚР  Әнұранын әуелетіп, көк туымызды биікке желбірете білген қайсар ұлдарды  әскери оркестрдің  сүйемелдеуімен аймақтық бокс және кикбокс федерациясының президенті, облыс әкімінің бірінші орынбасары Айдарбек Сапаров қарсы алды. Әлемдік шаршы алаңда ерлеген былғары қолғап шеберлерін үкілеп бастап барған Руслан Есеналин мен барша қазақстандықтардың үміті ақталды.

Руслан Есеналин, СҚО дене шынықтыру, туризм және спорт басқармасы бастығының орынбасары:
– Біз үлкен жеңісімізді ҚР тәуелсіздігіне және қазақ халқына арнаймыз. Қазақстандықтар бір алтын, екі күміс, 4 қола медаль жеңіп алдық.  

Кикбоксингтен халықаралық дәрежедегі спорт шебері жерлесіміз Самат Қадырбеков Ұлттық құраманың сапында жалғыз өзі алтыннан алқа тақты.  

Самат Қадырбеков, кикбоксингтен әлем біріншілігінің жеңімпазы:

-Әлем біріншілігі мен үшін өте сәтті өтті. Ұлттық құраманың капитаны тізгіні  маған тапсырылған болатын. Үмітті ақтай алғаныма қуаныштымын. Бөтен жерде ел әнұраны  орындалғанда әуестігім бекер емес екендігін түсіндім. Отанымыздың гүлденуіне әр қазақстандық өзінше үлес қосуда. Мерейтойлы жылға менің сыйым осындай болды.

Ел абыройын асқақтатып жүрген енді бір жерлесіміз Азамат Нүрпейісов те жұлдыздай жарқырап, өз салмағында әлемнің үздік файтерлерінің үштігіне енді.  

Азамат Нүрпейісов,  кикбоксингтен әлем біріншілігінің жүлдегері:
– Сол жарыста мықты кикбоксерлермен кездесуге мәжбүр болдым. 2007  жылғы әлем чемпионын ұпаймен ұттым. Жартылай финалда ресейлік кикбоксерден ұтылып қалдым,  бірақ жеткен жетістігіме өте қуаныштымын.  

Өңіріміздің екі мықтысы да ҚР Қарулы күштерінің  офицерлері. Аяқ пен қол соққыларын үйлестіре білген еліміздің тепсе темір үзетін ұландары 46 мемлекеттің үздіктерін жиған байрақты додада жалпы есепте үшінші орынды ұтып алды.

Жеңіс Ермұқанов