Билік

Облыстық тәртіптік кеңестің отырысы

 

 

 

Облыстық қуыршақ театрының директоры Сергей Орловқа қатысты тәртіптік іс – отырыста қаралған бірінші мәселе. Театрдың екі қызметкері екі жыл бойы жұмысқа келіп- кетіп қана жүрген. Ал еңбек келісім-шарты бойынша, жұмыс уақыты – таңғы сағат тоғыздан кешкі алтыға дейін. Десек те, келісімшарт талаптарының сақталмауына қарамастан оларға сегіз сағаттық жұмыс уақыты қойылып, еңбекақыларын толық көлемде алып отырған дейді қаржы полицейлері. Ал Орлов  олар осы уақытта жұмыстарын  толық атқарды деп отыр. Дегенмен, тәртіптік кеңес мүшелері театр директорына қатаң жаза беруді ұйғарды.

Тілеген Қаскин, облыстық тәртіптік кеңес төрағасы:
– Жұмыстан шығару туралы ұсыныс енгіземін.

Ал Қызылжар ауданы әкімінің орынбасары Сергей Колесников пен аудандық жер қатынастары бөлімінің бастығы Жәлел Нұғыманов жер учаскесін меншікке беру тәртібін бұзған. Биыл Жақсыбаев деген азаматқа Петропавл- Мамлютка трассасының бойында кабельдік желілер қазу жұмыстарына ордер берілген. Заң бойынша бұл жұмыстарға рұқсат беру үшін жер комиссиясының ұйғарымы болуы керек, ауылдық округ әкімінің келісімі шығарылуы тиіс. Ал ең қызығы, қолданыстағы заңнамада ордер деген құжат беру мүлде қарастырылмаған екен.

Жәлел Нұғыманов, Қызылжар аудандық жер қатынастары бөлімінің бастығы :
– Менің тәжірибесіздігім, бұл бірінші рет.
Сергей Колесников; Қызылжар ауданы әкімінің орынбасары:
– Менің қателігім, бақылаусыз қалдырғаным, мен ол адамды білмеймін.  

Тәртіптік кеңес мүшелері аудан басшылығына мемлекеттік қызметшілерді жұмыстан босату жөнінде ұсыныс енгізетін болды.
 Отырыста қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар тасымалы және автомобиль жолдары бөлімінің қызметкерлеріне қатысты тәртіптік іс те қаралды. Бөлім бастығының міндетін атқарған Руслан Омаров Амрин деген азаматқа пәтер беруге рұқсат берген. Бұл ретте пәтер коммуналдық меншікке алынбаған және тіркеуден өткен жоқ дейді прокурорлар. Әрі баспана кезегі сақталмаған. Пәтер алған мемлекеттік қызметші 1138 кезекте тұрған. Қарамағындағы қызметкерлер үшін қала әкімі Нұржан Әшімбетов жауап берді. Оның айтуынша, пәтер мемлекеттік қызметшіге уақытша тұру үшін ғана берілген. Әрі бұл қызметтік баспана. Ал мұндай баспана кезексіз беріледі. Және пәтер беру туралы шешім баспананы коммуналдық меншікке беру туралы сот қаулысы күшіне енгеннен кейін қабылданған көрінеді.

 Нұржан Әшімбетов, Петропавл қаласының әкімі:

-Менің қызметкерлерімнің іс-әрекеттерінде үлкен қателік жоқ деп ойлаймын, мүмкін тәртіп бұзу болған шығар.

Тәртіптік кеңес мүшелері бөлім бастығының орынбасарына сөгіс жариялауды, ал сектор меңгерушісіне ескерту жасауды ұйғарды.

 Айымгүл Әбілева